Шымкент қаласы әкімі Абай ауданы тұрғындарының мәселесін тыңдады

28

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің аймақ тұрғындарымен кездесуі Абай ауданынан басталды. Басқосуға келушілер қарасы қалың. Олар газбен қамту, тас жолдар салу, тұрғын үй, медицина мәселесін көтерді.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Абай ауданы тұрғындарымен кездесті. Араға 6 ай салып өткен жиынға келушілердің қатары қалың.

Қайнарбұлақ елді мекенінің тұрғындары аймақта газ кіргізу жұмысының тұралап қалғанын айтады. Сөздерінше мамандар бірнеше жылдан бері көгілдір отын келеді деп уәде еткенмен, әлі күнге нәтиже жоқ.

 «2021-де 2022 жылы кіреді деді. 2022 жылы тағы 2023 жылы деді. Енді 2024 жылы деп отыр. Бұл недеген созбалаң? Ауылдың 90-95% жері қазылып дайын тұр. Бірақ жұмыс жүріп жатқан жоқ. Әкім мырза, соған сіз араласпасаңыз болмайтын сияқты» – дейді Қайнарбұлақ ауылының тұрғыны.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Бір себептер болған шығар, қазір Бұхарбай Рысқұлұлын тыңдайық. Егер мен уәде берсем, соңына дейін бітіремін. Мен енді-енді танысып жатырмын, маған уақыт беріңіздер. Бәрімен танысып, сонсоң жауабын айтамын».

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі:  «Ақсақал, бізге 5 млрд. теңге бөлінген. Қазір құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Алайда оны жыл соңына дейін бітіре алмаймыз. Жоба 2024 жылға өтпелі».

Ал Қайнарбұлақ Саяжайы тұрғындары мәселенің шешілмей жатқанын аймақтың әр ауданға бір көшуінен деп санайды. Бұған дейін олар Қаратау ауданына қараған. Енді Абай ауданының қарамағына кірді. Сондықтан олар жобаның, жалпы жұмыстың біту мерзімі өзгеріп кетіп жатыр деп алаңдаулы.

Ақмарал Өмірзақова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қолымда карта тұр. Біз бірінші Абай ауданында едік. Кейін Қаратауға өткізді. Биыл бесінші аудан ашылған соң бізді қайтадан Абай ауданына жіберді. Мына жердегі ақпарат пен Бұхарбай Парменовтың айтқан ақпараты сәйкес келмейді. Біз бұл кісілерге барсақ айтады. «Сіздер 2022 жылы бізде болған жоқсыздар, планға енбеді. Оған біз жауап бермейміз» дейді. Биыл Қайнарбұлаққа 23 көше түсуі керек еді. Биылдыққа ешқандай көше жоқ. Біз тұрғындар ауысқанға кінәлі емес шығармыз».

Одан бөлек медицина, ауыз су, камерамен жабдықтау сынды жылдар бойы қордаланған проблемалар көтерілді. Ал қала басшысы бұл мәселелер бойынша арнайы комиссия құрып, тексеріс жүргізетінін жеткізді.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Ит ұстау, УДЗ аппараты, емхана деп жатырсыз. Оны жеке-жеке сұрағаннан пайда жоқ. Маған басқаша ақпарат беруі мүмкін. Біз комиссия құрайық. Сіз қасында жүріп көрсетіп отырыңыз. Жауапты маман комиссия құрыңыздар! Қайнарбұлақтағы апай айтқан мәселенің бәрін тексеріңіздер. Әлі күнге бюрократия бар. Президентіміз осы саламен күресу жайында айтқан болатын. Енді басқаша жұмыс жасаймыз». 

Ал көпбалалы ана арендалық үйлердің мәселесін көтерді. Оның айтуынша көптен күткен баспанасы 2 жылдан бері жылжымайды. Ол қыстың күні пәтерге жылытқыш қойып амалдап отырмыз дейді.

 «Көп балалы, мүгедектігі бар балалар категориясымен берілген үйлерде түрамыз. Біздің үй жылымайды. Қыс бойы арпалысып шығамыз. Үйді салғанда газаблоктың сыртына фасат жаба салған. Болды, ештеңе жоқ басқа. «Ақ ордаға» жаздық, мәселемізді айттық. Бірақ бәрі жабылып қала береді. Енді бар үмітім сізде. Жаңа әкім мәселемізді шешіп береді ғой деп келдік» – дейді қала тұрғыны.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Бұл мәселені білемін. Қазір осындай 56-дай үй бар екен. Мен артық анадай-мынадай деп айтпай-ақ қояйын. Бірақ дұрыс қабылданбаған үйлер бар екен. Мен қазір жауап беруге дайын емеспін. Маған уақыт беріңіздер. Мен білемін бұл мәселені. Шешу жолдарын қарастырамыз».

Ал 250 мыңнан аса халқы бар Абай ауданының қазір 85 пайызына табиғи газ кіргізілген. Тағы 4 елді мекенде құрылыс жұмысы аяқталса, 2024 жылы көрсеткіш 100 пайызға жетеді деп жоспарланған. Ауыз сумен қамту жұмысы 2023 жылы толық бітсе, аймақ электр жарығымен 2024 жылы толықтай қамтылады.