Көлік кептелісі шешімін таппақ…

46

Шымкенттегі Бәйдібек би даңғылы қаладағы көлік ағыны көп көшелердің бірі. Сырт аумақтан келетін көліктерден бөлек, шалғай шеттегі шағынауданнан да ағылып жатқан көлік тығыны көп.

Көлік кептелісін шешу үшін бүгінде Бәйдібек би даңғылы мен Ұ.Арғынбеков көшесінің қиылысында жолайырық салынуда. Бүгін жолайырық жұмыстарын аралап шыққан шаһар басшысы аталмыш нысанның көлік қозғалысын реттеудегі маңыздылығын атап, құрылыс жұмыстары сапасын тексерді.
Үш деңгейлі жолайырық құрылысы 2022-2023 жылдар аралығында қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Жолайырық құрылысы аяқталғанда, көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артпақ.
Жобаның техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылы бойынан 700 метр, Ұланбек Арғынбеков көшесі бойынан 921 метр жол аралығы құрылыс аумағына енгізілген. Жолайырықта ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселеді деп жоспарлануда.
Қазіргі уақытта жолайырықтың Ұланбек Арғынбеков көшесі бойында тіреу қабырғаларын орнату және Бәйдібек би даңғылы бойында көпір өткелі конструкциясының негіздері темір-бетонды тірек конструкцияларының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Естеріңізде болса, 6-шілде күні, Бәйдібек би даңғылы бойында көлік қозғалысы тоқтатылған болатын. Ал, тамыз айының 31 күні көлік жүктемесін азайту мақсатында Бәйдібек би даңғылының бойымен бір бағыттағы жол солтүстікке қарай уақытша ашылған-ды. Ендігі кезекте, жұмыстарды ыңғайластыра отырып қараша айында нөмірі 1 және нөмір 4 оң жақ өткел жолында көлік қозғалысын ашу жоспарланған.
Жолайырық құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген кезде қаладағы көлік кептелісі шешімін табады деген жоспар бар. Бүгінде жолайырықтың құрылысы қарқын алған. Құрылысшылар екі кезекте жұмыс атқаруда.