Құрсай шағынауданындағы сапалы ауыз сумен қамту құрылысының 95 пайызы аяқталды

36

Бекітілген жоспарға сәйкес, Шымкент қаласының тұрғындары 2023 жылы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Ол үшін бүгінде үшінші мегаполисте ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Бүгінде мегаполис тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту құрылысы жалғасуда.
Шымкенттің шетінде орналасқан Құрсай елді мекенін сапалы ауыз сумен қамту құрылысы өткен жылы басталған. 1-кезек бойынша, 185,5 шақырым су құбырын тарту құрылысының бүгінде 95 пайызы аяқталды.
Ал, 2-кезек бойынша, 151 шақырым су жүйесін орнату қажет болса, бүгінде оның 94 пайызы тартылды. Сондай-ақ, Құрсай елді мекеніне су беру мақсатында жоба бойынша 1000 м3-тан 2 дана су жинау резервуарының құрылысы қарастырылған. Резервуардан шыққан ауыз су екі сорғы станциясы арқылы абоненттерге беріледі. Қазіргі таңда, резервуардың қабырғалары құйылуда. Құрылысын желтоқсан айында аяқтап, іске қосу жоспарланған.
Бүгінгі таңда, Құрсай елді мекені тұрғындары ауыз суды кестемен тұтынуда.
Жыл соңында Құрсайдағы 8 336 абонент, яғни 41 680 адам сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. 2022 жылдың қорытындысымен Құрсай, Асар-2, Текесу елді мекендері мен Нұртас су жинақтағыш имаратының құрылыс жұмыстары аяқталады.
Нәтижесінде, қала тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 98% –дан – 99%-ға өспек.
Осыған дейін құрсайлықтар сапалы ауызмен қамту мәселесін көтеріп қала әкімдігіне өтініш жасаған болатын. Жергілікті билік құрсайлықтардың айтқан арызын жерде қалдырмай бүгінде аталған мәселе шешімін тапты.
Мемлекет басшысы жуырда ғана Шымкентке жасаған сапары барысында Құрсай елді мекені 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылатыны туралы тілге тиек еткен болатын.
Мемлекет басшысы өз сөзінің басым бөлігін қала тұрғындарының әлеуметтік тұрмыс жағдайын жақсартуға арнады.