Шымкентте Республика күніне орай Достық үйінің базасында «Бірлік алаңы» ашылды

56

25 қазан – Республика күніне орай, Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен қалалық «Достық үйінің» базасында «Бірлік алаңы» коворкинг орталығының ашылу салтанаты өтті.
Орталық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес жасақталды.

Жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан, Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшылығы, қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, қалалық ассамблея мүшелері мен ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдардың жетекшілері, студент-жастар қатысты.
«Бірлік алаңы» коворкинг орталығы – бірлік пен келісімнің жалпыұлттық біріктіруші құндылықтарын қоғамдық санада нығайтуға және азаматтық қоғам институттарының сындарлы диалогын орнықтыруға бағытталған.

Орталық 4 негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізетін болады:
І. Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы 7 қоғамдық құрылымдар мен 17 этномәдени бірлестіктердің қатысуымен тұрақты негізде брифингтер ұйымдастыру.

Брифингтер барысында қалалық ҚХА мүшелерінің елдегі саяси реформаларды іске асыру жөніндегі мәселелер бойынша эксперттік пікірлері, қалалық ассамблея құрылымдарының атқарып жатқан жұмыстары, қалалық этномәдени бірлестіктер мен қалалық ассамблеяның бастамалары мен жобаларының бұқаралық таныстырылымдары өткізіледі.

ІІ. Қоғам тұрақтылығын нығайту мәселесі бойынша халықтық жобаларды іріктеу, оларға қолдау көрсету мүмкіндіктерін қарастыру.

Азаматтық бастамалар, оның ішінде жастар ұсынған қоғамдық мәні бар әлеуметтік стартап жобалар қарастырылды. Олардың ішінде жан-жақты ұтымды, қоғам тұрақтылығын сақтауға тиімді жобаларды кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік салалық бағдарламаларды әлеуметтік гранттар арқылы қаржыландыруға ұсынымдар беру көзделді. Үздік деп танылған жобалар бойынша қалалық ассамблея мүшелері серіктес меценаттар табуға ықпал етуді жоспарлайды.
ІІІ. «Ассамблея жастары» ұйымы шеңберінде жастардың диалог алаңын қалыптастыру, дебаттар, пікір-сайыстар ұйымдастыру.

Бұл бағытта қазақ халқының ұлттық тарихы, мәдениеті, салт-санасы жөнінде іс-шаралар кешені қолға алынып, этнос жастарына өнегелі тәрбие беріп, оларды жоғары мәдени-эстетикалық, патриоттық және елжандылық рухта тәрбиелеу жоспарлануда.
ІV. Мемлекеттік тілді үйрету мақсатында түрлі бағыттар бойынша семинар-тренингтер ұйымдастырып, өткізу. Оның ішінде этнос өкілдеріне базалық негізде қазақ тілін оқып-үйренуіне жағдай жасау. Бұл үшін қаладағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарымен келісім жасалуда.