Шымкентте жаңа индустриалды аймақ ашылады

39

Шымкентте қаланың экономикалық өсімін еселеуге үлес қосып отырған индустриалдық аймақтар баршылық. Ішкі нарықты қамтып қана қоймай, экспорт көлемін де жылдан жылға ұлғайтып келеді. Енді олардың қатары тағы да біреуімен толықпақ. Шымкентте Абай ауданынан жаңа индустриалды аймақ ашу жоспарланып отыр. Бұл бизнестік аймақ “Стандарт» деп аталмақ. Жоба Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейту бойынша берген тапсырмасына орай жүзеге асуда. 

Бұл жобаға 30 миллиард теңгеден астам инвестиция тарту көзделген. Ал аймаққа кәсіпорындар салына бастаса жұмыссыз жүрген 3 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылады. Отандық өнім өндіріп әрі жұмыссыздардың екі қолына бір күрек табуына септеспек. Бұл қай жағынан алғанда да қаламыздың өркендеуіне зор үлес болатыны анық.

Шымкент қаласының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жылдан жылға көтеріліп келеді. Шымкент қалалық статистика департаментінің мәліметі бойынша 2022 жылдың қаңтар айынан бастап жалпы өңірлік өнім 104,0 пайызға,  қысқа мерзімді экономикалық индикатор 108,7 пайызға, өнеркәсіп 107,1 пайызға, құрылыс 118,5 пайызға, сауда 111,4 пайызға артқан. Қай салада болмасын оң өсім бар. Тіпті артығымен орындалған.

Қаламыздағы ең ірі аудандардың бірі Абай ауданында өнеркәсіп орындары жетерлік. Бұл өз кезегінде аудандағы эконономикалық өсімнің өркендеуіне септесіп отыр. Әрі аудандағы әлеуметтік жағдайдың жақсаруына да оң ықпалын тигізуде.

Айта кетейік, Абай ауданының бюджеті 5 жыл бұрын 22,6 миллиард теңге болса, биыл бұл көрсеткіш 5 есеге артып, 110,8 миллиард теңгені құрап отыр. Сондай-ақ Абай ауданында қазір ірі және орта кәсіпорындар саны 33-ке жетті. Алдағы уақытта олардың қатары тағы да артатын болады.