Кәсібін дөңгелетемін деген азаматтарға бүгінде үкімет таапынан қолдау бар. «Бастау бизнес» мемлекеттік бағдарламасы бойынша грант алып, кәсібін ашқан жерлестеріміз түрлі салада еңбек етуде. Бұл жолы арнамыздың түсірілім тобы Созақ ауданының орталығында аяқ киім тігетін ерекше жан Кенбай Икембаевпен танысып қайтты.
Шолаққорған ауылының тумасы Кенбай Икембаев аяқ киім тігуді жылдың басында бастады. Осыған дейін мамандығы болмаған ерекше жан кәсібін дөңгелетер алдын ізденіп, тыңғылықты дайындалған.
Кенбай Икембаев, Созақ ауданының тұрғыны: «Мен бастапқыда ұялы телефоннан, интернеттен көріп, үйрендім. Сосын Талдықорғандағы аяқ киім тігетін кәсіпорында бір ай жұмыс істедім. Ол жақта осы кәсіппен айналысатындар көп екен. Көп нәрсе үйрендім».
Бастапқыда балалар аяқ киімін тіккен Кенбай кейіннен ересектерге арналған және спорттық аяқ киімдерді тіге бастаған. Жақында әйелдерге арналған сәнді аяқ киімдер тігуді мақсат етіпті. Ісмерге жұмысын жалғастырып кәсібін дөңгелетуге «Бастау бизнес» мемлекеттік бағдарламасы қолдау болған.
«1 млннан астам грантты ұтып алдым. Оған шикізатты теріні Шымкенттен, қалғанын фирмаларға тапсырыс беремін»- дейді Кенбай.
Созақ ауданында мемлекеттік бағдарламалар аясында жастар практикасы бойынша 219 адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 27 адам жұмыспен қамтылған.
Олжас Сатыбалдиев, Созақ аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы мониторинг бөлімінің басшысы: «»Бастау бизнес» бойынша бізде ауданда 80 адам жобаларын ұсынды».
«Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға ынта білдірушілер жұмыспен қамту орталықтарына жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, оқудан өту туралы өтінішпен жүгінуі тиіс.
Биыл «Бастау Бизнес» жобасына 6 жыл толды. Осы жылдар ішінде бизнес негіздеріне 150 мың қазақстандық оқып шықты, олар бүкіл ел ауқымында 40 мың бизнес-жобаны іске асырды. «Бастау Бизнестің» әрбір үшінші түлегі жеке кәсібін ашты. Бұдан бөлек, жобаға қатысушылар 60 мыңға жуық жұмыс орнын құрып, шамамен 1,4 млрд теңге салық төлеген.