Төлеби ауданында жуырда «Этно-Ауыл» пайдалануға беріледі

41

Төлеби ауданының 90 жылдығына орай Леңгір қаласындағы 1-ші шағынауданындағы шатқалда «Этно-Ауыл» бой көтерді. Жоба құны 44 млн. теңге. Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқын алған  нысан қазан айының соңына дейін  пайдалануға тапсырылады деп күтілуде.

Төлеби ауданы орталығында қазақтың дәстүрi мен мәдениетiн ұлықтайтын «Этно-ауыл» қалашығы бой көтеруде. Мұнда келушілер өткенге саяхат жасап, көшпендiлердiң рухын сезiнуге таптырмас мүмкiндiк алады. Этноауыл түрлi бағыттағы бiрнеше секторлардан құралған. Қазақ халқының сүйiктi аңшылық кәсiбi – саятшылық, аңшы құстармен және дала тазыларымен аңға шығуы. Сондай-ақ, бұл жерде құралайды көзге атқан мергендердiң де өнерiн тамашалауға болады
Нұргелді Қияқов, жоба авторы: «Мен өзім Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжін, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясын тәмамдадым. Білімімізді, жинаған тәжірибемізді  осындай жобаларды жүзеге асырып шыңдаймыз. Этно-ауылда енді  мерекелік шаралар өтеді. Біз өзге  де осындай нысандарда болдық,  ежелден келе жатқан  садақ ату орнын  жобаға  қосуды жөн көрдік. Киіз үй, алтыбақан да бар».

Аумағы  бірнеше шаршы метрдi құрайтын этноауыл Леңгір қаласы 1-ші шағынауданындағы шатқалда орналасқан. Ұлттың мәдениетi мен өнерiн насихаттау мақсатында құрылған бiрегей орынға келушiлер қазақ халқының бай тарихы, өнерiмен және дәстүрiмен танысып қана қоймай, көшпендiлер өркениетiнiң этномәдени ортасына саяхат жасап, ауылдың күнделiктi тұрмысын тамашалайды.

Мақсат Жұмабаев, Төлеби аудандық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы: «Бұл нысанның құны 44 млн. теңге. Біз этноауылға келушілердің, туристердің қызығушылығын арттыру мақсатында кәсіпкерлерге жер телімін ұсындық. Олар өз өнімдерін, қолөнер болсын басқа да тауарларын осында ұсына алады. Жоғары жағында Төлеби бабамызға арналған кешен бой көтереді».

Этноауылдың төңірегіндегі алаңдарда ұлттық тағамдар мен қымыз, шұбат сынды дәстүрлi сусындар ұсынылады. Қолданбалы өнер шеберлерiнің экспозициясына да орын қарастырылған. Осы арқылы қазақ халғының қолөнері де дәріптеледі. Жоспар жүзеге асса, келер жылдың наурызынан бастап ауданның барлық іс шаралары осы этно ауылда өтеді деп көзделуде.