Түркістан облысында отбасын қолдау орталықтары көбейеді

42

Түркістан облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін 2 мыңнан астам іс-құжаттар сотқа жолданған. Әкімшілік істердің 64 пайызы сотта тараптардың татуласуымен қысқартыған. Сараптама қорытындысы көрсеткендей, тұрмыста жасалған қылмыстардың 30 пайызы мас хәлде немесе спирттік ішімдіктерді бірлесіп ішу кезінде туындаған.

Мастықпен жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Ордабасы ауданының «Жусансай», «Ақ қойлы», Жетісай ауданының «Алмалы» және Мақтаарал ауданының «Жеңіс» елді мекендерінде тұрғындардың бастамасымен дүкендер спирттік ішімдік сатудан бас тартқан. Бұл мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында талқыланды.
Аталған елді мекендерде қылмыс саны азайған. Өңір тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау мәселесінде бұл бастама арқылы аудан халық көпке үлгі болып отыр. Түркістандық ақсақалдардың Түркістанды «Арақсыз қала, шарапсыз шаһарға» айналдыру бағытында көтеріп отырған мәселесі де орынды.
– Осы бағытта жұмысты күшейту керек. Басты мақсат – облыс аумағын қауіпсіз аймақ ету. Саналы ұрпақ тәрбиелеуде ана мен бала құқығын қорғаудың маңызы зор, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Өңірдегі Жастар ресурстық орталықтары жанынан «Әлеуметтік – психологиялық сүйемелдеу қызметі» секторлары жұмыс істеуде. Жыл басынан бері облыс аумағындағы 6 секторда 1мыңнан астам адамға қызмет көрсетілді. Оның ішінде, 573 (55,7%) – әйелдер, 255 (24,8%) – кәмелетке толғамағандар, 162 (15,8%) – ерлер азаматтар, 38 (3,7%) – қарттар.
«Amanat» партиясының сайлауалды «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты бағдарламасын орындау жөніндегі жол қартасына сәйкес 2025 жылға дейін әрбір қала мен ауданда отбасын қолдау, отбасылық жанжалдарды шешу және балалары бар әйелдерге уақытша мекен беру жөніндегі 234 «Отбасын қолдау орталығын» ашу жоспарланған. Түркістан облысында биыл 3 орталық, жалпы 4 жылда 16 орталық ашу көзделген.