Республика күні қарсаңында Түркістан қаласында 500 орындық мектеп пен 250 орындық балабақша пайдалануға берілді. Инвесторлар тарапынан салынған Айтұлы Тілеу батыр атындағы дарын мектебінде шахмат, би, таэквандо, сурет, домбыра, вокалдан қосымша үйірмелер бар.
Сондай-ақ, білім ордасында бассейн, спорт залы да бар. Ал оқушыларға үш мезгіл тегін ыстық тамақ беріледі. Және тегін көлік тасымалы да қарастырылған. Заманауи құралдармен жабдықталған мектепке 50 адам жұмысқа орналасты.
Мектеп жанынан ашылған балабақша 1 мен 5 жас аралығындағы балаларды қабылдайды. Балабақша 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл балабақшаның ерекшелігі бүлдіршіндердің денсаулығын қадағалау үшін бассейн, тұз кенішімен қамтылған.