«Цифрлық теңге» пилоттық жобасы жүзеге асуда

108
Ұлттық банк 2021 жылы «Цифрлық теңге» пилоттық жобасын жүзеге асыруды бастады. Қоғамға әлі де түсініксіз цифрлық теңге дегеніміз не, пайдасы қандай және қашан қолданысқа енгізіледі? Бұл туралы Ұлттық банк мамандары жауап берді.

Цифрлық теңге қолма-қол ақшамен қатар қолданылады

Бүгінгі таңда Қазақстан экономикасында қолма-қол және қолма-қолсыз ақша бар: қолма-қол түріне банкноттар мен монеталар жатады, ал қолма-қолсыз ақша дегеніміз банк шотындағы ақша. Ұлттық банк ұлттық валютаның үшінші түрін әзірлеп жатыр, ол – цифрлық теңге. Оны іске қосу туралы шешім жоспар бойынша осы жылдың соңында қабылданады. Цифрлық теңге кәдімгі заңды төлем құралы ретінде қабылданады және экономикадағы субъектілер үшін классикалық ақшаның барлық функциясын атқарады. Жоба бойынша цифрлық теңге бірегей цифрлық реттілік (токен) ретінде немесе арнайы электронды әмиянда сақталатын электронды жазба түрінде шығарылады. Төлем технологиясы тұрғысынан бұнда да үйреншікті көптеген опция қолжетімді болады, сонымен қатар төлем бойынша жаңа шешім қабылданады, ол – офлайн-төлем жүйесі, яғни, интернетке қосылмаған мобильді телефонмен де төлем жасауға болады деген сөз.
«Ең әуелі қолма-қол емес ақша қаржы делдалдарының міндеттемелері болып саналады, солардың тәуекелдеріне тікелей байланыстымыз. Ал қолма-қол ақша – Орталық банктің тікелей міндеттемесі. Цифрлық теңге де – Орталық банктің міндеттемесі», – дейді «Цифрлық теңге» жобасының жетекшісі Айнұр Кенжаева.
Цифрлық теңге іске қосылса да, қолма-қол және қолма-қолсыз ақшалар Қазақстанда айналымда қала береді, ал цифрлық валюта олармен қатар жүреді.

Цифрлық теңге – бұл электронды ақша ма әлде криптовалюта ма? Мүмкін бұл стейблкоин болар?

Цифрлық теңгені тек Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі ғана айналымға шығарады және қадағалайды. Электронды ақшалар белгілі бір электронды ақша жүйесінің ішінде айналымда болады.
Стейблкоин мен криптовалюта технологиялық тұрғыда ұқсас болғанымен, ақшаның барлық функциясын атқара алмайды, мәселен, оның айналым құралы ретінде, жинақ және төлем қабілеті, тіпті құны да болмайды. Оларда пайдаланушының мүддесін қорғай алатын бірыңғай эмитент жоқ, ал олардың құны үнемі құбылмалы күй кешеді.
«Сонымен қатар «криптовалюталар» және «стейблкоиндер» сияқты құбылыстардың кең таралуына байланысты цифрлық теңге цифрлық активтердің осы класына қате жатқызылуы мүмкін. Ішінара ұқсас технологиялық тәсілдерге қарамастан, «криптовалюталар» және «стейблкоиндер» ақша емес, өйткені олар ақшаның барлық функциясын тұрақты орындауды қамтамасыз ете алмайды. Бұл активтер тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жаппай және сөзсіз ақы төлеу үшін пайдаланылмайды, сондай-ақ ресми ақшалай есеп айырысу бірліктерінде көрсетілген құнының тұрақсыз болуына байланысты толыққанды құн өлшемі және айналыс құралы ретінде пайдаланылмайды. Ал цифрлық түрде эмиссияланатын ұлттық валютаның цифрлық теңгенің төлем айналымының барлық қатысушысының мүддесі үшін оның орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін мемлекет арқылы бірыңғай эмитенті болады», – дейді Кенжаева.

Цифрлық теңгенің пайдасы не?

Цифрлық теңге республикадағы төлем айналымының барлық қатысушысына қымбатқа түспейтін, тез, ыңғайлы әрі қауіпсіз төлемдерге жол ашады. Цифрлық теңгенің инфрақұрылымы қаржы нарығына қатысушылар үшін қосымша құралға айнала алады, олар оны пайдалану арқылы жаңа инновациялық сервистер құра алады. Цифрлық теңге аймақтарда қолма-қол ақшасыз төлемдерді жүзеге асыруға көп мүмкіндік ашады және қаржылық қызметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.
Келешекте цифрлық теңгені енгізу арқылы трансшекаралық төлемдердің тиімділігін арттыруға болады, яғни шетелде жүріп те пайдалануға болады. Цифрлық теңге платформасы, сонымен қатар есеп айырысулардың тиімділігін, жеделдігін және ашықтығын арттыру үшін кең мүмкіндіктер ашады.

Жыл соңына дейін шешім қабылданады

Цифрлық теңге қазір әзірлеу және сынақтан өткізу кезеңінен өтіп жатыр. Бұл тақырып бизнеске қатысушылар үшін барлық ықтимал тәуекелдер мен пайдалы тұстарын, сондай-ақ ақша-нкредит саясаты мен қаржылық тұрақтылық тұрғысынан жан-жақты талдауды және зерттеуді талап етеді. 2021 жылы Ұлттық банк технологиялық және операциялық тәуекелдерді бағалау бойынша пилоттық жобаны іске қосып, нарыққа қатысушылармен және сарапшылар қауымдастығымен, халықаралық серіктестермен талқылаулар өткізді. Ол зерттеудің қорытындысы Ұлттық банктің сайтында жарияланды.
Осы жылы нарыққа қатысушылармен бірлесіп платформаның технологиялық прототипін кеңейту, сандық, экономикалық зерттеулер мен нормативтік аспектілерді бағалау бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бұл жұмысқа қызығушылық танытқан барлық мүдделі тарап шақырылады. 2022 жылдың екінші тоқсанында Digital Tenge Hub коллаборативті алаңы іске қосылады деп жоспарланған. 2022 жылдың шілдесінде Ұлттық банк пайда мен шығынды бағалау моделін жариялауды жоспарлап отыр, оның негізінде жыл соңына дейін цифрлық теңгені енгізу қажеттілігі туралы түпкілікті шешім қабылданады.