Ақпанның сегізінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілерді запасқа шығару және азаматтарды 2022 жылдың наурыз-шілдесінде және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Азаматтардың əскери қызметке жарамдылық дəрежесін айқындау үшін облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, қалалар мен аудандарда жергілікті атқарушы органдардың шешімімен тұрақты негізде медициналық комиссиялар құрылды.
Олар əскерге шақырылушы азаматтарды медициналық куəландырудан өткiзеді. Болашақ сарбаздардың денсаулығы мінсіз болуы шарт. Сондықтан кешенді тексеріс тағайындалады.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561-IV Заңының 31-бабына сәйкес он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе әскерге шақырылудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдары жасақтау үшін қажетті санында мерзімді әскери қызметке шақырылуға жатады.
Осыған орай, Шымкент қаласына қарасты Абай ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен «Жол-көлік» колледжі және №4 колледж студенттеріне Отан алдындағы әскери борыштарын өтеулері жайында іс-шара өткізілді.
Мерзімді әскерге шақыруға жататын азаматтар тарапынан әскерге барудан және медициналық тексерілуден немесе жиындардан жалтарғандар үшін Қазақстан Республикасының әкімшілік және Қылмыстық кодексімен жауапкершілікке тартылатындағы туралы айтылды.
Сонымен қатар, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынын» Шымкент қаласы бойынша филиалының мамандары «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» бойынша жан-жақты түсіндіріп өтті. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын таба беретін болады.