Президент сайлауында аяғы ауыр және босанған келіншектер де дауыс берді

18

Шымкентте ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына қалалық перинаталдық орталықтағы жүкті және босанған әйелдерде қатысты. Олар нөмірі 230 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Комиссия төрайымы бұл учаскіге тіркелген жалпы 160 сайлаушы бар екенін айтады.

Сайлаушылар қатарында облыстық балалар ауруханасында 1,5 жасар ұлын емдетіп жатқан ана да бар. Махрия Аджиханованың сөзінше, баласы бұл ауруханада 1 аптадан бері ем қабылдауда. Сала жауаптылары ел Президентін таңдау үшін медициналық мекемеде сайлау учаскесі ашылатынын алдын ала хабарлаған. «Өз елін сүйетін патриот ретінде, сайлауға қатысып, ұлыма үлгі көрсеттім»,- дейді Сайрам ауданының тұрғыны.

Махрия Аджиханова, Сайрам ауданының тұрғыны: «Біз осы «Нұрсәттегі» ауруханада жатырмыз. Баламның аты – Мұхаммед. Ауырғанымызға қарамай сайлауға атсалысуға келдік».

Бұл сайлау учаскесіне қалалық перинаталдық орталығындағы келіншектер де тіркелген. Аяғы ауыр және тарихи күні дүниеге ұрпақ әкелген нәзік жандылар таңертеңнен бастап еліміздің мемлекет басшысын таңдауға белсене қатысты. Төртінші перзентіне жүкті Мухаббат Уримбаева, толғағы қысқанына қарамастан саяси науқанға қатысқанын айтады.

Мухаббат Уримбаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Төртінші баламды босанғалы жатырмын. Елбасын сайлауға атсалысып жатырмыз. Толғағым келіп жатыр бұйырса босанғалы жатырмын».

№230 сайлау учаскесінің комиссия құрамында 5 адам бар. Оның төрайымы Мерует Изтаеваның сөзінше, дауыс беру науқаны уақыты басталып, заңға сәйкес өтіп жатыр.

Меруерт Изтаева, Шымкент қаласы № 230 сайлау учаскесі комиссиясының төрайымы: «Бұл учаске бойынша 160 бюллетень берілген. Сайлаушылар белсенді. Жақсы өтіп жатыр. Перинаталдық орталықта да өткізіп келіп, «Нұрсаттағы» балалар ауруханасына келіп өткізіп жатырмыз. Бөлімшелерді де араладық. Түскендер осында келіп беріп жатыр дауысты».

Кезектен тыс президент сайлауы кезінде ел бойынша 10 101 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Шетелде жүрген қазақстандықтар да президент сайлауында дауыс бере алады. Ол үшін 53 мемлекетте 68 сайлау комиссиясы құрылған. Айта кетсек, саяси науқанға қатысу бойынша үшінші мегаполис тұрғындары жоғары белсенділік танытқан қалалар қатарында.

Азиза Өтеулиева