Úı Jańalyqtar Қазығұртта «Ауыл — ел бесігі» жобасы іске асуда

Қазығұртта «Ауыл — ел бесігі» жобасы іске асуда

Қазғұрт ауданында жыл басынан бері мемлекеттік бағдарлама аясында 7 мыңға жуық азамат жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ, аймақта «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 3 жаңа білім ордасы бой көтермек. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды халықпен есептік кездесуі барысында баяндады. Өңір басшысы кездесуде қазығұрттықтардың қойған сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын да тыңдады.

Қазығұрт ауданын дамыту мәселесі басты назарда. Баяндамасын осылай деп бастаған өңір басшысы Дархан Сатыбалды ауданда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл 14 жоба іске асырылып жатқанын жеткізді. Мәселен Шанақ, Жігерген елді мекендерінде жаңадан 200 орындық мәдениет үйін салуға, Қақпақ, Ынталыда екі дәрігерлік амбулатория салуға қаржы қаралған.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Жайлы мектеп» жобасы іске асып жүр. Біздің облыс бойынша 62 мектептің құрылысын салуды жоспарлап отырмыз. Қазір орынбасарым білім министрінен тағы қосымша 32 мектеп сұрап отыр. 300 орындақ мектеп болатын оны қысқарттық, 1600, 900, 600, 2000-2500 дейін сондай жайлы мектеп құрылысын жоспарлап отырмыз. Егер жерін дайындап аудан әкімі инфрақұрылымын дайындаса біз қосымша тағы ұсынамыз. Бұл жайлы мектеп мұлде бөлек мектептер. Себебі Астанада көрсетілгендей мұндай жеке меншік мектептегі түлектердің 95 пайызы грантқа түсіп отыр».

Кездесу барысында халық саны жыл санып артып отырған аудан тұрғындары өңір басшысынан заманауи мәдениет сарайын салып беруді сұрады. Сондай-ақ балаларды әртүрлі үйірмелермен қамтуды қолға алу қажеттігін де айтты.

«Біздің мынау аудан орталығында 26 мыңнан астам халық тұрады. Халық көбейіп жатыр. Біздің мәдениет сарайы өте кішкентай. 1971 жылы салынған. Кинтеатрға ыңғайластырылып. Үйірме жұмысы жүріп жатыр ғой енді бірақ мол жақта зал жетіспейді. Сол үшін аудан орталығынан үлкендей заманауи мәдениет сарайын салып берсеңіздер».

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Сіз мәдениет сарайы дедіңіз де мен аудан әкіміне қарап күлдім. Себебі қазір өтіп бара жатып, айтып едім. Мынау мәдениет үйі деп таныстырды бірақ сарайы деп жазып қойыпты. Кіп кішкентай екен шындығында. Сол себептен келер жылы шын мәніндегі сарайға лайықты жоспарлап отырмыз. Жобалық сметалық құжат дайын. Бізде «Ауыл ел бесігі» деген жоба бар. Соған ұсынып көреміз. Сол жақтан қолдаса біз ендігі жылы бастаймыз».

Тұрғындар мұнан өзге ауданда жаңа музейдің құрылысына қаржы бөлу тоқтатылғанын айтты. Сондықтан облыс әкімінен бұл мәселені жылдамдатып шешіп беруін сұранып отыр.

«Біз жаңа музей туралы біраз жұмыс жасалып, сметасы жасалды жер бөлінді. Тек құрылысқа қаражат бөлінбей тұр. Сол жағынан көмектессеңіздер», — дейді тұрғындар.

Алайда республикалық бюджеттен мәдениет сарайын салуға ұсынылған жоба қолдау тапқан. Мұражайдың құрылысына қажетті қаржы әзірге мақұлданбапты. Айта кетсек, облыс әкімімен кездесу барысында инфрақұрылым, мәдениет, денсаулық сақтау саласына қатысты түйткі мәселесін көтергендер көп болды.

«Бізде Жаңабазар елдімекенінде аурухана болған. Кезінде аудан орталығындағы ауруханаға кезекке тұратынбыз. Ауданда 115 мың халық болса сооның 35 пайызы төрт әкімдікте тұрады. Биыл аурухана жөндеуден өтті. Сол кезде орталыққа бардық. Енді осы ауруханаға статус дейді ғой соны берсе».

Марат Пашимов, Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Аурухана бола алмайды, күндізгі стационар бар тәулікте бар. Қосымша министрлікке ұсынайық. Егер 2 мыңнан жоғары болса ол амбулатория. 5 мыңнан жоғары болса акушерлік пункт бола алады. Бірақ халық орталыққа кеп ем алуға болады. Сізде тек күндізгі стационар. Ал былай жоспармен орталыққа келеді».

Айта кетейік, Қазығұрт ауданының инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту үшін 15 бюджеттік инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аудан тұрғындарының 98,6%-ы таза ауыз сумен қамтылған. Көгілдір отын тарту шарасы да жоғарғы көрсеткішке ие.

Өңір басшысы кездесу барысында қазығұрттықтардың қойған сұрақтарына жауап беріп, ұсынысын тыңдады. Сонымен қатар жеке қабылдау өткізіп, жергілікті билік өкілдері мен басқарма басшыларына қабылдауда болған азаматтардың мәселесін шешуді тапсырды.

Exit mobile version