Қазақстан елге Ресейден инвестиция тартуды жалғастырады, деді Қасым-Жомарт Тоқаев Орынборда өтіп жатқан өңіраралық форумда. Мемлекет басшысы ресейлік инвестицияны қорғау үшін барлық шаралар атқарылатынын айтты.
«Екі ел арасындағы тауарайналым өсіп келеді, бірлескен жобалар жүзеге асырылуда, өзара есепайырысуда ұлттық валюта үлесі артты. Өткен жылы екі ел арасындағы сауда көлемі рекордтық көрсеткішке жетіп, 24,5 млрд-ті құрады. Соңғы тоғыз айда өсім бес процентті көрсетті», — деді Тоқаев.
Қазақстан президенті қазіргі күнгі Ресейге шығарылатын қазақстандық экспорт ассортименті кеңейгенін және құны 100 мың долларға жеткенін атап өтті.
Оның айтуынша, Қазақстанда 17 мың ресейлік және бірлескен компаниялар жұмыс істейді. Ресейдің Қазақстанға бағытталған инвестициясы жыл сайын артып келеді.
Бұған дейін РФ президенті Владимир Путин Ресей Қазақстанның ірі инвесторының бірі екенін және солай қала беретінін айтқан еді. Ресейдің елге бағыттаған инвестиция көлемі 17 млрд доллар шамасында.