Шымкентте заңсыз аңшылықпен айналысқан алты азамат ұсталды. Ағымдағы жылдың 31-қазанында, Шымкент қалалық полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының Табиғатты қорғау тобы және Қаратау аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, рейдтік іс-шара өткізді.
Шара барысында арнайы топ қала аумағындағы «Қайнарбұлақ» тұрғын алабының жанындағы жазық даладан заңсыз аңшылықпен айналысып жүрген алты ер адамды байқайды. Тәртіп сақшылары олардың қаруын тексеру кезінде заңды тіркелгені белгілі болды. Алайда, еш бірінің аңшылық жасауға рұқсат қағаздары жоқ. Осыған байланысты күдікті 6 азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабы 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылды.
Сондай-ақ, тәртіп сақшылары заңмен тыйым салынған құралдарды сатудағы шектеулер туралы толығырақ айтып, заңсыз аңшылықпен айналысу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкеліп соқтыратынын жеткізді.
Айта кетейік, республика көлемінде қолға алынған «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы 20-қарашаға дейін жалғасады.
Аталған іс-шараның мақсаты – браконьерлікті, биологиялық ресурстар объектілерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу.