Созақ: Жаңа әлеуметтік орталық халықтың көңілінен шықты

38

Созақ ауданында зейнеткерлер және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Белсенді ұзақ өмір. Тең қоғам» орталығы ашылды. Енді мұнда тек аудан орталығының ғана емес, өзге де ауылдық округтен тұрғындар келіп тынығып, уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік алды.

Салауатты өмір салтын ұстанған теріскейліктер бос уақыттарын аудан орталығы Шолаққорғанда ашылған «Белсенді ұзақ өмір. Тең қоғам» орталығында өткізуді әдетке айналдырған. Спортпен шұғылдануға ниет білдірген ауыл ағайындары бильярд, үстел теннисі ойындарында шеберліктерін шыңдаса, қариялар шахмат ойнап уақыттарын тиімді өткізуде.
Аманбек Мұсабеков, Созақ ауданының тұрғыны: «Жақсы қартаю керек. Бейнетіміздің зейнетін көріп отырмыз. Еліміздің өркендеуіне үлес қосқанымызды елеп, осындай керемет  әлеуметтік орталығын ашып берді, рахмет».

Мына жаттығу бөлмесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар дәрігердің бақылауында сауықтыру шарасынан өтуде. Оңалту жұмыстары осындағы әлеуметтік мамандардың көмегімен жүргізіледі. Мысалы, мұндағы тұз шахтасы бөлмесінде адамдар кестеге сәйкес жазылып, тынығуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, келушілерге психологиялық бөлменің тигізер пайдасы да орасан.

Ал мына бөлме шығармашылыққа арналған. Ол үшін жайлы орта, түрлі аспаптар жиынтығы бар дейді  әлеуметтік орталықтың басшысы.

Марат Оспанов, Созақ ауданындағы «Белсенді ұзақ өмір. Тең қоғам» орталығының директоры: «Әлеуметтік орталықты 7-ші қыркүйекте облыс әкімі Дархан Сатыбалды өзі ашты. Мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және де зейнеткерлерге, ауылдағы тұрғындарға қызмет көрсетіледі. Барлығы дән риза. Орталықтың ашылуына  «Катко» компаниясы да ат салысты».

Білімін жетілдіремін деген азаматтарға кітаптар жеткілікті. Мұндағы кітап қоры үнемі жаңаланып тұрады.