Тұран шағынауданы сапалы электр желісіне қосылып жатыр

84

Шымкент қаласына қарасты Қаратау ауданындағы Тұран елді мекені тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамтудың 2-кезеңі аяқталды. Қазір тұрғын үйлерді мемлекеттік желіге қосу жұмысы жүргізіліп жатыр.

2 жыл ішінде аймақта 86,5 шақырым электр желісі тартылды. Сонымен қатар 21 электр трансформаторы мен 3 078 электр бағанасы орнатылды. Абоненттеу жұмысы аяқталса, 3 058 үй сапалы электр жарығымен қамтылады. Бұған дейін тұрғындар киловаттына 30 теңгеге дейін төлеп келсе, енді тариф құны 17,9 теңгені құрайды.

Айта кетейік, биыл қаламызда 22 мыңға жуық халық сапалы электр желісіне қосылып, көрсеткіш 98 пайызға жетті.

Жуырда ғана қала әкімі Мұрат Әйтенов қала аумағындағы сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстарын тексерген болатын. Қаратау ауданындағы Достық мөлтек ауданын сапалы электр қуатымен қамту жұмыстарымен танысып шықты. Бұл құрылыс 2022 жылдың тамыз айында басталған болатын.
Құрылыс жұмысы барысында 1206 электр бағанасы мен трансформатор орнатылып, 47 шақырымнан астам электр желісі тартылды. Тұрғындардың сұранысы бойынша, қосымша жобадан тыс көше бойына әр 3 үйге бір электр бағанасы орнатылуда.
Елді мекен тұрғындары электр энергиясына әр киловатына 25-30 теңгеден төлеп келген. Алдағы уақытта абоненттеу жұмыстары толық аяқталып, тариф құны 17,9 теңгені құрайтын болады.
Айта кетейік, мердігер мекеме есебінен электр энергиясы тұрғын үйдің алдына дейін жеткізіледі. Әрі қарай кабельді қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіріп, тұрғындар өз есебінен жүргізетін болады.
Қазіргі уақытта абоненттеу жүргізілуде. Жұмыс толық аяқталған соң Достық мөлтек ауданындағы 2686 үй сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.
Бұл туралы шаһар басшысының инженерлік инфрақұрылым жұмыстарын қадағалауы барысында баяндалды.
Аталған екі шағынаудан тұрғындары сапалы электр қуатымен қамтып беруді қашаннан бері өтініш жасап жүрген болатын. Енді міне, сапалы әрі арзан электр қуатына қол жеткізіп отыр. Жергілікті билік тұрғындар тарапынан түскен барлық сұранысты қанағаттандырып келеді. Барлық мәселе кезең-кезеңімен шешімін табуда.