Зейнетақы жинағының жеткілікті шегін төмендету мәселесі үкіметте қаралуда

26

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова зейнетақы жинағының жеткілікті шегін төмендету мәселесі жұмыс тобында қаралатынын мәлімдеді.

«Мен мұндай пікірді естідім. Бұл мәселе бойынша қазір жұмыс тобы Ұлттық банкпен, Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігімен бірге жұмыс істеп жатыр. Сондықтан біз мұны жұмыс тобында қарайтын шығармыз», — деді Дүйсенова үкімет кулуарында.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов үкіметке зейнетақы жинағын пайдалануға мүмкіндік беретін жеткілікті шекті төмендетуді ұсынған болатын. Мәжілісменнің пікірінше, «жеткілікті шектің мөлшері көтерілгеннен кейін, әлемде баламасы жоқ бұл бастаманың мәні жоғалып кетті».
Алайда ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жеткілікті шекті төмендету тиімсіз деп санайды. Шенеунік депутаттың ұсынысына қарсы екенін, тіпті бұл мәселе үкіметте талқыланбайтынын мәлімдеді.
Еске салсақ, биыл 1 сәуірден бастап зейнетақы жинағының жеткілікті шегі күрт өсті. Егер былтыр 35 жастағы азаматтар үшін шекті көрсеткіш 2 940 000 теңге болса, 2022 жылы ол 5 060 000 теңгені құрап отыр.
Айта кетері, зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алғысы келетін азаматтың шоттағы қаржысы ең төменгі жеткілікті шектен асуы керек. Шекті межеден асқан ақшаның барлығын емделуге немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға (мысалы, пәтер сатып алу немесе үй салу) жұмсауға болады.