Жасырын цех анықталып, 8 тоннадан астам кір жуғыш ұнтақ тәркіленді

37

Түркістан облысында жасырын цех анықталды. Күдіктілер танымал тауар белгісін пайдаланып, заңсыз кір жуғыш заттарды шығарған. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция Департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының басшысы мәлімдеді. Айта кетсек, полицейлер жер асты цехынан 8 тоннадан астам кір жуғыш зат тәркілеп алған. Сондай-ақ, бұл іске қатысты 4 күдікті ұсталған.

Ғалымбек Тұрысбеков, ТО ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы: «Түркістан облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, Түркістан қаласында контрафактілік өнім дайындау жерасты цехын анықтап, оның қызметіне тосқауыл қойды. Бұл жайт ҚР ҚК 222-бабы 1-бөлігі «Тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауын, географиялық көрсеткішін және тауар шығарылған жердің атауын заңсыз пайдалану» бойынша Түркістан ҚПБ-ға тіркеуге алынды».

Жедел уәкілдер аталған нысан ауласын тінту кезінде, қапқа оралған 200 данаға жуық 40 келі ұнтақ затты анықтаған. Бұдан өзге жерасты цехынан электронды таразы, тығыздағыш құрал және өзгеде заттай дәлелдеме тәркіленген.

Айта кетсек, күдіктілер «Ariel», «Миф», «Tide» және «Persil» сияқты кір жуғыш заттардың тауар белгісін заңсыз пайдаланған. Бүгінде жинақталған материалдар Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жолданып отыр.

Ғалымбек Тұрысбеков, ТО ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы: «Полицейлер 4 күдіктіні ұстады. Оның бірі контрафактілік өнім дайындауды ұйымдастырушы, Түркістан қаласының тұрғыны болса, екеуі Түркістан қаласының тұрғындары және 1 Өзбекстан азаматы».

Азиза Өтеулиева