Биыл 1 млн. шаршы метрге жуық үй тапсырылды

33

Үшінші мегаполисте құрылыс бақсармасы қарқынды жұмыс істеп жатыр. Күн сайын жаңа нысандар салынып, тұрғын үйлер халық игілігіне берілуде. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов осылай деді. Алайда келесі жылдан бастап басқарма үй соқпайды, тек дайынын сатып алуы мүмкін.

Шымкент қалалық құрылыс басқармасы енді үй салмайды. Осылай деген қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов алдағы уақытта дайын үйлерді сатып алу жоспарда бар екенін айтты. Өйткені, құрылыс барысы өте жауапты әрі қиын іс. Ал мегаполисте 49 мыңға жуық жан үй кезегінде тұр. Бұл цифрды азайту мақсатында жауаптылар қарқынды әрі нәтижелі жұмыс істеуді көздеп отыр.

Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Біз одан да үй сатып алайық деп жатырмыз. Сол кеткен ақшаға дайын құрылыс компаниялары өздері салса, біз солардан сатып аламыз. Өйткені, үй салу деген өте қиын проблема. Бірақ сатып алудың да өзіндік қиындықтары бар».

Сондықтан келер жылдан бастап бұл тәжірибені жүзеге асыру көзделіп отыр. Жалпы, биыл 1 млн шаршы метр үй тапсырылған болса, оның 239 мың шаршы метрін құрылыс басқармасы салған. Жалпы Мақсұт Пернебайұлы биыл басқарма 92 нысанда құрылыс жүргізгенін мәлімдеді. Оның 81-і 2021 жылдан өтпелі болса, 11-і жаңа ғимараттар. Жоспарға сай, 47 нысан биыл қабылданып, 45-і келесі жылға өтпелі болады.

Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Жалпы бұл жерде тұрғын үй 51 нысан, білім нысандары 11, 3 мәдениет нысаны, 4 спорт нысаны, 2 төтенше жағдайлар, 1 денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр».

Айта кетейік, шымкент қалалық құрылыс басқармасының биылғы бюджеті 65 млрд қа жуық, оның 20 млрды жергілікті бюджет, қалғаны республикалық бюджеттен бөлінген. Келесі жылы да республикадан мардымды қолдау болса, мегаполисте салынып жатқан Конгресс хол мен Оқушылар сарайының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.