Кеңірдекке реконструктивті ота алғаш рет Шымкентте жасалды

38

 

Бүгін Шымкент қалалық онкологиялық орталығына Санкт-Петербург қаласынан келген әйгілі профессор, медицина ғылымдарының докторы, Н. Н. Петров атындағы Ұлттық онкология орталығының торакалды онкология бөлімінің меңгерушісі Евгений Левченко бастаған бірқатар жетекші онколог-дәрігерлер келді. Орталық мамандары шетелдік әріптестерімен бірлесе қатерлі ісікке шалдыққан ауыр жағдайдағы науқастарға күрделі оталар жасады.

Тәжірибе алмасу мақсатында жоспарланған операциялардың бірі бронхиалды жыланкөзге /свищ/ шалдыққан 65 жастағы науқасқа жасалды. Бір жылдан бері диспансерлік есепте тұратын емделуші бірнеше рет химиялық терапия курсынан өткен. Онкологиялық аурулар арасында кемде-кем кездесетін асқынған формадағы қауіпті аурудың салдары қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін болатын. Тың технологияларға негізделген ота түрін жасау арқылы екі мемлекеттің дәрігерлері науқастың өмірін арашалап қалды. Шетелдік дәрігерлердің айтуынша, бүгінгі тәжірибе алмасу шараларының нәтижесінде науқастардың жағдайы, өмір сапасы жақсарып, ем-дом алуы жеңілдей түседі.

Шымкент қалалық онкологиялық орталығының жұмысына оң баға берген ресейлік дәрігерлер алдағы уақытта серіктестікті жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді. Айта кетейік, қатерлі ісік ауруларымен күресті күшейту мақсатында орталық мамандары бүгінде тек Ресей ғана емес, Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінің дәрігерлерімен де тығыз әріптестік байланыс орнатқан.

Қазір орталықта 250 адам емделуде. Олардың арасында Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан келген науқастар бар.

Орталықта онкологиялық ауруларды алғашқы сатыларда алдын-алу мақсатындағы профилактикалық жұмыстар да жүйелі жолға қойылған. Соның нәтижесінде қатерлі ісікке шалдыққан ауруларды емдеуде оң нәтижелер көп.