Конституциялық сот төрағасы тағайындалды

39
фото Бақ.кз

Қасым-Жомарт Тоқаев сенат отырысына қатысты. Мемлекет басшысы адам құқығын қорғау саласына әрдайым айрықша мән беретініне тоқталып, соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеу бар екенін айтты.

«Өлім жазасына біржола тыйым салдық. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға жаза қатайды. Сот реформасы жүзеге асырылып жатыр. Заң үстемдігі және қазылардың дербес әрі әділ болуы – басты назарда. Тағы да қайталап айтамын: әділдік пен заңдылықты қамтамасыз ету – мемлекеттің міндеті. Қоғам бізден осыны күтіп отыр. Сондықтан биыл адам құқығын қорғау жүйесін жетілдіру жұмысы жалғасты», — деді президент.
Ол адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық кепілдік және иммунитет берілгенін атап өтті.
«Бас прокурордың құқық қорғау құзыреті күшейтілді. Конституциялық соттың құрылуы аса маңызды қадам болды. Бұл орган жаңа жылдан бастап жұмысқа кіріседі. Ол Ата заң нормаларының қатаң сақталуын қамтамасыз етеді. Конституциялық сот азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау ісіне зор үлес қосады деп сенемін», — деді мемлекет басшысы.
Президент Конституциялық соттың кадрлық құрамын жасақтау кезінде сабақтастық сақталуға тиіс екенін айта келіп, жаңа органның төрағасына айрықша міндет жүктелетініне назар аударды. Осы ретте мемлекет басшысы осы жауапты қызметке Эльвира Әбілхасымқызы Әзімованы ұсынды. Ол қатардағы қызметкерден министрдің орынбасары лауазымына дейін көтерілген.