Мәжілістегі үкімет сағатында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова әлеуметтік кодекс жобасына енгізілетін жаңа параметрлер отбасыларға берілетін мемлекеттік қолдауды кеңейтетінін айтты. Министрдің мәліметінше, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы көлемі ұлғаяды. Әрі аналарға арнайы статус енгізіледі.
Қазақстанда «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» наградтталған аналар деген статус енгізіледі. Бұл туралы мәжілістегі үкімет сағатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді. Айтуынша, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері де жоғарылайды. Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкентте 56 501 көпбалалы ана бар. Олардың 11 418-і «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған.
«Бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімі ұзартылатын болады. Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері өседі және олар «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» наградтталған аналар деген жаңа статуспен қарастырылатын болады.Тағы бір маңызды параметр – 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейінен емес, медиандық табыс есебінен анықталатын болады»,деді министр.
Министр жобаны әзірлеу барысында экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі зерделенгенін айтты. Мәселен, 8-ден астам ел осы көрсеткішті пайдаланады және оны отбасы әл-ауқатының нақты дәрежесін көрсететін өлшем ретінде белгілеген екен. Жалпы, Тамара Дүйсенова алдағы уақытта отбасыға көрсетілетін әлеуметтік төлемдер аясының кеңеюіне басымдық берілетін атап өтті.
Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: «Цифрлық картаны қанатқақты жоба ретінде іске асыру барысында көпбалалы отбасылардың әлеуметтік қатерлерге тап болу ықтималы жоғары екенін көрдік. Осы орайда әлеуметтік кодексі жобасында балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы біртұтас жүйесін толық сақтау және оның негізгі параметрлерін өзгерту қарастырылды. Нақтылай кетейін, бүгінгі балалы отбасыларды қолдау жүйесі халықаралық стандарға сәйкес жүктілік және босану, бала туу, бала күтіміне байланысты төлемдерді, көпбалалы аналар және мүгедіктігі бар балалы отбасыларға қарасты төлемдерді және табысы аз отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмектерді қамтиды».
Сонымен қатар, оның айтуынша, президенттің тапсырмасымен 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін Ұлттық қордың инвестициялық кірісінен түскен табыстың 50 пайызы көлеміндегі бастапқы капитал отбасыларға қосымша көмек көзі болады.