Шымкентте 3 балабақшадан санитарлық талаптың бұзылғаны анықталды

Шымкентте 3 балабақша санитарлық норма талаптарын бұзған. Мекемелерде балаларға арналған ойыншықтардың таза болмауы, мұздатқыштағы ауа температурасын бақылайтын құралдың тек құжат жүзінде болуы, жиһаздардың тұтастығы бұзылуы секілді нормалар орындалмаған.

Оның қатарында балаларға сатып алынатын өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын сәйкестік туралы құжаттар ұсынылмағандығы тағы бар. Тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтар бойынша 658 545 теңгеге 5 айыппұл салынған.

Ұлжан Әлібаева, Шымкент қаласы СЭБД қоғаммен байланыс жөніндегі бас маманы: «2022 жылдың 11 айында Шымкент қаласы СЭБД-мен ерекше тәртіппен 3 балабақша тексерілген. Осы балабақшаларды тексеру барысында анықталған кемшіліктер бар. Мысалы, жиһаздардың тұтастығының бұзылуы, ойыншықтардың жуылмауы, өңделмеуі, дезинфекция жасауға арналған құралдардың таңбаланбауы және үй-жайларда бір типті шамдардың орнатылмауы, қорғаныш құралдарының қапталмауы және жұмыртқаны сақтауға арналған талаптар бұзылғаны секілді бірқатар кемшіліктер анықталды».

Айта кетейік, жыл басынан бері 11 айдың ішінде ерекше тәртіп бойынша 3 мемлекеттік балабақша тексерілді. Жалпы 2020 жылдың 1 қаңтарындағы Президент жарлығы бойынша шағын және микрокәсіпкерлік субьектілеріне тексерулер мен профилактикалық бақылау мен қадағалауды тоқтату туралы мораторий жарияланған еді. Мораторийге сәйкес, шағын бизнес субъектілеріне өмірге қауіп төндіретін шағым түскен жағдайда ғана тексеру жүргізіледі.