Бассейннен инфекциялық аурулар жұғуы мүмкін

Қауыздағы суды 7 күнде бір рет ауыстыру қажет. Ал субұрқақтарда шомылуға мүлде тыйым салынады. Себебі ондағы су залаласыздандырылмағандықтан түрлі қауіпті инфекция жұғуы мүмкін. 

Шомылу және демалу үшін арнайы орындарды таңдаңыз! Кері жағдайда, тырысқақ, менингит, паразиттік аурулар секілді түрлі инфекцияларды жұқтырып алуыңыз ықтимал. Бұл туралы СЭБД ескертеді. Сондай-ақ, мамандар субұрқақтағы судың залалсыздандырылмайтынын және санитариялық талаптарға сай келмейтіндіктен, онда шомылуға болмайтынын айтады.

Алдарқұл Ахметов, Шымкент қаласы СЭБД басшысының орынбасары: «Маусымдық шомылу кезеңінің басталуына байланысты түрлі инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында мониторинг бойынша 2023 жылдың маусым айында су айдындарындағы судың сапасын бактериологиялық зерттеулерге 13 сынама, санитариялық-химиялық зерттеулерге 9 сынама су алынды, тырысқақ ауруына 84 су сынамалары алынды, оның ішінде санитариялық нормаларға жауап бермегені анықталмады».

Шымкент қаласының аумағында 18-ден аса шомылу орындары бар, оның 8-і – жазғы демалыс ұйымдары. Оларға сынама алу арқылы мониторинг жүргізіліп, бүгінде нормаға сай келмейтін орындар анықталмаған.

Мамандардың сөзінше, бассейндерде ерлер мен әйелдерге арналған шешіну-киіну орындары, себезгі бөлмелері, санитариялық тораптар болуы тиіс. Сондай-ақ, рециркуляциялық немесе су ауыстырудың ағынды жүйесі арқылы 7 күнде кемінде бір рет судың толық ауыстырылуы қажет. Және ең бастысы, қауызға жіберілетін суды зарарсыздандыру керек.

«Соңғы жылдары мораторий болуына байланысты біз тексере алмай отырмыз ғой бассейндерді де, жазғы демалыс аймақтарын да. Сондықтан мен тұрғындарға айтар кеңесім, бірінші бассейннің жалпы аумағының тазалығына қарау керек. Судың сапасы күдік туғызатын болса, одан бөлек киініп-шешінетін жерлері, душтың жағдайы көңіл толтырмайтын болса, мүмкіндігінше барудың қажеті жоқ», – дейді  Шымкент қаласы СЭБД басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметов.

Санитарлық қызметкерлер қауызға барғанда талапқа сай келмейтінін немесе күмән туғызатын дүниелерді байқаған жағдайда бірден хабарлауды және мейлінше, арнайы орындарға шомылуды ұсынады.