Шымкентте жазба ақындар мүшәйрасы өтті

92

Үшінші мегаполисте қазақтың қос батыры генерал Сабыр Рақымовтың 120 жылдығы және Тоғанбай Қауымбаевтың 100 жылдығына орай республикалық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.

атты ақындар сайысына Қазақстанның түкпір-түкпірінен жыл саңлақтары жиналды. Екі кезеңнен тұратын мүшәйрада ақындар даңқты батырлардың ерлігі мен еңбегін насихаттап, өлеңге арқау етті. 

Марал Хантөреқызы жазба ақындар мүшайрасына Жамбыл облысының намысын қорғап келген. Ақын ару екі кезеңнен тұратын республикалық сайысқа ерекше дайындалып келгенін айтады. Тіпті батырлардың ерлігі мен өмір жолын зерттеп, ерекше әсерленген сәттерін өзінің жырына арқау етіпті. Марал Хантөреқызы кейінгі жылдары даңқты батырлардың ерлігін наисхаттайтын жыр мүшәйралары жиі өткізіліп жатқанын айтады. «Бұл – батыр бабалар ерлігін жас ұрпаққа дәріптеуде өте маңызды рөл атқарады дейді», жас ақын.

Марал Хантөреқызы, ақын: «Бүгін Шырайлы Шымкенттің төрінде республикалық ақындар мүшайрасы болып отыр. Біз де тағылымы мен тарихы мол Тараз қаласынан келіп, өзіміздің бағымызды сынап жатырмыз. Осы ізгі бастама өзінің жалғасын тауып, әрбірі қазақтың батырын тиісті дәрежесінде өз жырымызға қоса білсек керемет деп ойлаймын!»

Бүгінгі Шымкентте өтіп жатқан мүшайра Кеңес Одағының батырлары Сабыр Рақымовтың 120 жылдығы мен Тоғанбай Қауымбаевтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған.

«Өшпейді мәңгі батырлардың есімі» атты республикалық жазба ақындар жыр сайысына әр облыстан іріктеліп алынған 14 ақын қатысты. Олар батырлар ерлігін дәріптеу және еске алу бағытында, сонымен қатар еркін тақырыпта жазылған шығармаларын көрермен назарына ұсынды.

Сайлаубек Лесбаев, Шымкент қалалық мәдениет үйі концерттік ұйымының басшысы: «Екі батырды бөліп жармастан бүгін республикалық деңгейде жазба ақындар мүшайрасын ұйымдастырып отырмыз. Жалпы қазақта өткеніңді еске алмасаң не қайран дейді. Тарихты ұрпаққа жеткізу, ең ұлық міндет! Болашақ ұрпақтың рухы биік болсын деп, сол кісілерге өнеге-үлгі болсын деген мақсатта бүгін рухты батырларымызға арнап, ауқымды, республикалық деңгейде шара өткізіп жатырмыз».

Қызылорда, Ақтөбе, Жетісу секілді 8 облыстың ақындары көрерменге «Темір генерал», «От алаулар өшпейді», «Тәуекел» сынды арнау-толғауларын ұсынды. Ұйымдастырушылар байқауды өткізудегі басты мақсат — тарихты жас ұрпаққа жеткізе отырып, өскелең буынға батырлардың ерлігі мен өмірін дәріптеу екенін айтады.

Cайыс қорытындысы бойынша, бас жүлдеге Түркістан облысының ақыны Арқалық Әмәлиятұлы ие болса, I орынды қызылордалық Айдар Сайлауов иемденді. Ал жеңімпаз бен жүлдегерлерге 500мың, 200мың және 150 мың көлемінде қаржылай сыйлықтар берілді.