Батырдың арманы

66 жыл бойы жұптары жазылмаған

Шымкент қаласының тұрғыны Кеңес Одағының батыры, генерал Сабыр Рахымовпен майдандас болған Тоғанбай Қауымбаевты білмейтіндер аз. Оның ерлік істері жөнінде талай рет мерзімді баспасөзде жазылды. Кешегі сұм соғыстың көзі тірі жалғыз батыры ретінде мемлекет тарапынан Тоғанбай атаға қамқорлық жасалып келеді.

66 жыл бойы жұптары жазылмаған
66 жыл бойы жұптары жазылмаған

Дегенмен, біз бүгін батырға демеу бола білген жанұясы жайлы сөз қозғамақпыз. Тоғанбай ата 66 жылдан бері жұп жазбай келе жатқан жары Шәрбану апа екеуі 1 ұл, 3 қыз өсіріп, 10 немере, 20 шөберенің ардақты атасы мен әжесі атанып отыр.

«Берік отбасы – қоғамның тірегі» дейміз. Расында, өнегелі отбасы жарасымды жұптан шығады. Ал ауызбіршілігі мықты, іргесі берік шаңырақ үлгілі ұрпақ өсіреді.

Он сегіз жасында от кешкен Тоғанбай ата бүгінде 91 жаста. Осыншама жасқа келсе де соғыс салған жараның табы бойында әлі бар. Оның үстіне денсаулығы да сыр берген. Жанарының сәулесі солғын. «Көзім жөнді көрмейді»,-дейді батыр ата. «Уақыт өткен сайын құлағы да ауыр еститін болған. Өзің сияқты тілшілер жиі іздеп келеді атаңды. Айтқан әңгімесін «переводтап» беріп отырамын»,-дейді Шәрбану апа әзілдеп.

20 жасында батыр атану оңай дейсің бе, қарағым. Батырдың әйелімін деп, ешқашан мақтанған емеспін. Ешкімді менсінбей, көкірек те кергенім жоқ. Бірақ, арқалаған жүгімнің ауыр екенін түсіндім. Біздің балалық шағымыз Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келді. Тойынып тамақ ішіп жарымадық. Ойын баласы болып ойнамадық та. Есімді білгеннен әке-шешеме қайтсем көмегім тиеді деп қасынан қалмадым. Шаруашылықтың жұмысына жегіліп жүрген анама қолғабыс болуға тырыстым. Сөйтіп жүріп қыз болып қылтиып өсіп қалғанымды да байқамаппын ғой. 1947 жылы 17 жасымда Тоғанбайдың ағайындары үйге құда түсіп келді. «Теңі келсе, тегін бер» дегенді қаперде ұстады ма, әлде ауылға сыйлы атамды сыйлады ма, бәлкім, болашақ күйеу баласы Тоғанбайдың азаматтығына сенді ме, әйтеуір анам қарсы болған жоқ. Ол кезде қазіргідей сүйдім-күйдім деген жоқ қой, сөйтіп, бір-бірімізді бұрын соңды көріп-білмеген Тоғанбай екеуміз қарттардың қалауымен қосылдық. Екі жарты, бір бүтін болып, жұбайлық өмірге қадам бастық, – дейді өткенді еске алған Шәрбану әжей.

Тағдырдың жазуымен, ата-аналарының қалауымен қосылған екі жас бірден-ақ жарасып кетіпті. Шәрбану апаның айтуынша, енесін көрмепті. Өйткені ол кісі ертеректе қайтыс болған екен. Ал, атасы Қауымбай сабырлы кісі болған көрінеді. Қайнысы Әбдрахман қайратты, мінезді болғанға ұқсайды. Үйлене салысымен келіншегін әкесі мен інісіне аманат етіп, Тоғанбай Алматыға оқуын жалғастыру үшін кетіп қалады. Жас келін Шәрбану атасы мен қайнысының айтқандарын екі етпей, сол кісілердің қас-қабағына қарап, алдарынан кесіп өтпеген. Бір жылдан соң, оқуын тәмамдап ауылға оралған Тоғанбайды қызмет бабымен Шәуілдірге жібереді. Сонда ғана қарашаңырақты тастап, жары екеуі алғаш рет бөлек шығыпты. Шәуілдірде Тоғанбай Қауымбаев сотта қызмет етеді. Батыр деген атағы бар, оның үстіне әділдікті ту еткен, қара қылды қақ жарған судьяның жұбайы болудың қаншалықты жауапкершілігі мол шаруа екенін о бастан түсінген Шәрбану апа үйдің шаруасына мығым болуға барын салады. Батырдың үйіне келіп кететін, амандасу үшін бас сұғатындар көп. Мұндайда күн демей түн демей ас-суын қамдап, жайдары қалыппен қарсы алатын Шәрбану апаның ықыласына ел риза болысады. 1949 жылы тұңғыштары – Алтын туылғанда Тоғанбай ата мен Шәрбану апаның қуаныштарында шек болмаған. Алтынның соңынан Күміс туылады…

Мен 6 құрсақ көтердім. Екеуі шетінеп, төртеуі қалған. Сұм ажал жалғыз ұлымды да жалмады,-дейді қамкөңіл – ана. – Дегенмен, қиындыққа қайыспадық. «Батырдың отбасы» деген атаққа лайықты болуға тырыстық. Өзгелерге үлгі боларлықтай қызмет еттік. Бала-шағамызды оқытып, ел қатарына қостық. Бүгінде Тоғанбай екеуміз жалғыз ұлдан қалған тұяқ Тоймұратты үйлендірсек, соның қызығын көріп кетсек деп армандаймыз. Әйтпесе, құдайға шүкір, 3 қызым өсіп-өніп, немере, шөбере сүйіп отырмыз. Немерелеріме еліңді, жеріңді сүй, Отаныңды қорға, бейбітшілікті бағала деп үнемі айтып отырамыз. Өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа сенім артамын. Тек ендігі арманымыз сол Тоймұратымызды аяқтандырсақ, Батыр атасының әулеті өрісін кеңейте түссе, жақсы келін келіп, ұрпақ сабақтастығы жалғасын тапса деген үлкен арманымыз бар.

Шәрбану апаның арманын құптағандай Тоғанбай ата басын изеп кемсеңдеп қалды. «Менің де арманым сол» дегендей. Расында да қазақ үшін ұрпағының амандығынан, өсіп-өркен жаюынан артық не бар дейсің?! Батырдың арманы да осы екен. Жастардың жарасымды жанұялы, берекелі әулет болуын тілейді. Себебі, қан кешіп, оқ пен оттың ортасынан келген Тоғанбай ата отбасы құндылығының қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Сол себепті де өскелең ұрпақтың сұм соғысты көрмеуін, бақытты шаңырақтың көп болуын тілейді.

66 жылдан бері жұптары жазылмай келе жатқан Тоғанбай ата мен Шәрбану апаның жарасымды тұрмысы кім-кімге болса да үлгі боларлықтай.

Айжан Ермекқызы