Шымкентте жекеменшік емханалар саны артуда

49

Шымкент қаласындағы №12 қалалық емхананың жаңа корпусы Сайрам тұрғын алабында пайдалануға берілді. Қала басшысы Мұрат Әйтенов емханаға арнайы барып, тұрғындарға көрсетіліп жатқан медициналық қызметтермен таныс болды.

Сайрам шағынауданының тұрғындары заманауи әрі үйіне жақын орналасқан емхананы армандайтын еді. Өйткені, бұған дейін медициналық мекеме алыс болғандықтан дәрігерлердің көмегін дер кезінде алу мүмкін болған жоқ. Халықтың талабы орындалып, шағынауданға жақын маңнан заманауи әрі жаңа емхана корпусы бой көтерді. Ол мемлекеттік сенімгерлік басқару бойынша жұмыс істейді.

Шымкенттен шалғай жатқан орталықта №12 қалалық емханасына тіркелген 62 237 азамат медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберіндегі қызметтерді тегін ала алады. Мұнда қазіргі таңда 36 жалпы тәжірибелі дәрігерлер мен 20 педиатрлық аймақ қызмет көрсетеді. Мекеме сондай-ақ 38 күндізгі стационарлық төсек-орынмен қамтылған.

Жаңа емханада КТ, маммография, ЛОР-комбайн, рентген, флюорография, УДЗ аппараттары, фиброгастроскоп, авторефкератометр мен стоматологиялық құрылғылар қойылған. Бұл аппараттар науқастың денсаулығын терең тексеруге және ерте диагностикалауға мүмкіндік береді. Емхана жұмысымен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов дәрігерлердің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Енді сіздер бейінді мамандар мен қымбат диагностикалық тексеруден өту үшін қаланың орталығына сабылмай-ақ осы жерден қажетті медициналық қызметті алатын болдыңыздар. Құрметті дәрігерлер! Сіздердің басты мақсаттарыңыз – сапалы медициналық қызмет көрсету. Бұл үшін барлық жағдай жасалғанын көріп отырмын».

Айта кетейік, емхана корпусы инвестициялық жоба аясында салынды. Яғни, түрік инвесторлары емханаға миллион доллардан астам қаржы құйған.

Шымкент қаласының бас дәрігері, мегаполистің медицинасына инвестиция салу тиімді деп есептейді.

Нұрлыбек Асылбеков, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқарамасының басшысы:
«№12-ші емханада диагноз қойып, емдеуді дұрыс тағайындау үшін жаңа бөлімше ашылды. Алда әлі де атқарылатын жұмыс көп».

Үшінші мегаполис тұрғындарына медициналық қызметтің қол жетімділігін арттыру үшін мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік орталықтар саны жылдан жылға артып келеді. Бүгінде қала бойынша амбулаторлық деңгейде қызмет көрсететін 13 мемлекеттік емхана болса, 31 медициналық ұйым жекенің меншігінде.