Шымкентте ана мен бала өлімі азайды

66

Шымкентте ана мен бала өлімі азайды. Мұның себебін дәрігерлер медициналық мүмкіндіктің жоғарылауымен байланыстырады. Сонымен қатар, қала тұрғындарына сапалы қызмет көрсету үшін бірнеше орталық ашылып, күрделі оталар жасалды.

Шымкентте ана мен бала өлімі азайды. Бұл туралы қаланың бас дәрігері мәлімдеді. Айтуынша соңғы уақытта медициналық мекемелер заманауи жасақталып, жаңа техникалармен толыққан. Соның арқасында денсаулық саласында оң өсім байқалған.

«Бала мен ана өмірін сақтау –  біздің ең басты мақсатымыз. Қазір олардың денсаулығы бірінші орында тұрады. Көрсеткіш 2022-де 15,7 болса, 2023 жылы көрсеткіш 8,5 болды. Өзіміздің нақты көрсеткіш  3,2 болды. Бұл нақты ақпарат. Бұл біздің мамандардың жетістігі», – дейді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.

Қалада халыққа тегін қызмет көрсететін 58 емхана бар. Оның 14-і мемлекеттік мекеме. Сонымен қатар, былтыр ауруханаларда төсек орны көбейтіліп, жаңа бөлімшелер ашылды. Соның арқасында қалада алғаш рет жүрек трансплантациясы жасалса, эпилепсия ауруына шалдыққан балаларға нейростимулятор отасы сәтті өтті.

«Бұл өте үлкен жетістік. Қазір балаларға дәрігерлеріміз ота жасайын деп жатыр. Балалар ауруханасының тағы бір жетістігі жылдың ортасына дейін балаларға кардиохирургиялық оталарды жасауды қолға алайын деп жатырмыз. Сонды науқастар Астанаға, Алматыға барып жүрмейді. Ол үшін дәрігерлерді де дайындап қойдық. Арнайы қанды алмастыра тұратын аппарат алғанбыз. Соның арқасында операция жасауға қол жеткізіп отырмыз», – дейді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.

Мегаполисте 2023 жылы жалпы өлім-жітім көрсеткіші 9,3 пайызға төмендеді. Ал биыл бұл межені одан да жақсарту үшін бірнеше нысан ашу көзделіп отыр. Атап айтқанда, жыл соңына дейін 4-ші инсульттік орталық пен урология бөлімшесі ел игілігіне берілмек.