Түркістан облысы балықты жасанды жолмен өсіру бойынша республика көлемінде бірінші орында. Бірақ әлі де өңірдегі балық шаруашылығын дамыту бағытында көп жұмыс атқару қажет. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында осы мәселе талқыланды. Өңір басшысының айтуынша, облыста өнімділік пен эскпорттық әлеуетті арттыру мүмкіндігі көп. Сондықтан, кәсіпкерлдер экспортқа басты назар аударуы қажет деді.
«Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту қажет». Осылай деген облыс әкімі Дархан Сатыбалды ол үшін өңірде мүмкіндік көп екенін айтты. Және балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітілген 91 су айдынын қайтадан талдап, зерделеуді тапсырды. Әрі облыс әкімі кәсіпкерлер экспортқа ден қою керек деді.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Қандай мекеме ашылса да бірінші кезекте экспортқа бағытталған болуы керек. Экспортқа дегеннен кейін ғана сапасы көтеріледі. Сіз бұны дамыту үшін өзіңіз де сол кәсіпкер сияқты болуыңыз керек. Сол сияқты ойлану керексіз. Сіз шарт қою керексіз ғой. Міне, сізге көлді беріп отырмыз. Осы жерде осынша сыйымдылық болады. Осы межеге жету керек. Жетпесеңіз онда кешіріңіз. Біз қайтып аламыз деп. Жалпы жоспарды қарап шығыңыздар».
Ал облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Ізтілеуовтің айтуынша, «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген. Жоспарға сай, биыл облыста 6,1 мың тонна балық өсірілуі қажет. 10 айдың көрсеткіші бойынша, 5 мың тоннаға жетіп отыр. Жауаптылар жыл соңына дейін межеге жетеміз дейді. Ал балықты жасанды жолмен өсіру бойынша облыс республика көлемінде бірінші орында.
Нұржан Ізтілеуов, Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы: «Бағдарламаға сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланса, 2022 жылға жоспар – 6,1 мың тонна. 10 айда орындалғаны – 5 мың тонна. Жоспар жыл соңына дейін толық орындалады деп күтіліп отыр. Қазіргі таңда облыс аумағында 126 жергілікті маңызы бар су айдыны тіркелген, оның ішінде балық шаруашылығын жүргізуге жарамдысы 104 бірлік болса, 91 су айдыны балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген. Балықты жасанды жолмен өсіру бойынша облыста 2020 жылы – 5,2 мың тонна, 2021 жылы – 5,7 мың тонна, 2022 жылдың 10 айда 5,1 мың тонна (жоспар 6,1 мың тонна) тауарлы балық өндіріліп, өсім 8,5 %-ды құрады».
Сонымен қатар, бағдарламада облыс бойынша 2030 жылға дейін 53 тоғандық балық өндіретін шаруашылық құру, 11 шарбақтық шаруашылық, 4 сумен қамтамасыз ету циклі тұйықталған балық өсіру шаруашылығын құру және 71 көлде тауарлы балық өндіру шаруашылықтарын құру көзделген.
Ал 2023 жылы балық шаруашылығын субсидиялауға 500 млн. теңге жұмсау жоспарланған. Қажеттілікке байланысты қаржы көлемін арттыру бойынша қосымша ұсыныстар енгізілуі мүмкін.