30 мыңнан астам қазақстандық әскери борышын өтеуден жалтарып жүр

27
фото Ұлысмедиа.кз

Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарып жүрген қазақстандықтар саны бүгінде 30 мыңнан асады. Бұл туралы қорғаныс министрлігінің өкілі мәлімдеді.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер қорғаныс министрлігінің өкілдерінен әскери борышын өтеуден қашып жүргендердің саны қанша екенін сұрады.
«Ең алдымен, қашып жүрген емес, іздестіріліп жүрген деп нақтылап өтейін. Биыл іздестіруде жүрген азаматтарымыз 30 мыңнан асып жығылады. Былтыр 37 мың болған еді», – деп жауап берді Қарулы күштер Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру департаментінің аға офицері подполковник Руслан Тапашев.
Айтуынша, олар түрлі себеппен іздестірілуде жүр.
«Жұмыс бабымен кетіп қалады, бірақ әскери есептен шықпайды. Сосын әскерге шақыру пунктеріне әскерге шақыру қағазы бойынша келмейді. Сондықтан біз оларды іздестіріліп жатқандар деп айтамыз. Оларды әскерге шақыру пунктеріне жеткізу үшін тізімі жасалып, іздеу жүргізіледі», – деп түсіндірді подполковник.