Ата-ана: «Баламызды біздің рұқсатымызсыз басқа мектепке ауыстырғалы жатыр»

173

Шымкенттегі №42 Хамза атындағы жалпы орта мектептің бірінші сынып оқушыларын жеке мектепке көшіргелі жатыр. Осылай деп дабыл қаққан ата-аналар мектеп алдына жиналды. Сөздерінше, білім ошағының директоры балаларды ауыстырмаймыз деп уәде бергенімен, ата-анамен өтетін әр жиналыста тек оқушыларды көшіру тақырыбы қозғалатын көрінеді. Ал балалардың ата-аналары перзенттерін жеке мектепке ауыстыруға үзілді-кесілді қарсылық танытып отыр. 

Шымкенттегі білім ордаларының бірінде бірінші сынып оқушыларын ата-ана рұқсатынсыз басқа мектепке көшіргелі жатыр. №42 жалпы орта мектеп оқушыларының ата-аналары осылай деп шулады. Таңмен таласа жиналғандардың сөзінше, балаларды мектепке қабылдаған уақытта ешқандай келісім болмаған, енді 2 тоқсан аяқталғанда оқушыларды жеке білім ошағына ауыстырмақ көрінеді.

Динара Мирзаева, ата-ана: «Директордың қасына үшінші рет уже келдік. Бізге «айналайындар болды, бәрі дұрыс, ешкім ешқайда кетпейді» деп шығарып салады. Біздің артымыздан классымызды бөліп тастаған. Қаласаңдар осы бөлінген күйінше оқисыңдар, қаласаңдар жоқ осы мектептен шығып кетесіңдер, жекеге ауыстырамыз дейді. Біздің рұқсатымызсыз. Не үшін олай істейді? Бізден басында құжат қабылдап жатқан кезде неге соны айтпайды?!»

Умида Зайниддинова: «Балалар сыймай жатыр дейді. Екі тоқсан сыйып, енді сыймай қалыпты. Біз қарсымыз, соған келіп тұрмыз. Нешінші рет келуіміз осымен».

Мектепте жалпы саны 9 бірінші сынып бар. Ата-аналар соның үшеуін жекеге көшірмекші деп дабыл қағады. Сөздерінше, балалар да олардың әке-шешелері де үйренген білім ұясынан басқа орынға ауысуға қарсы.

Анықталғанындай, бұл тек бірінші сынып оқушыларына ғана қатысты емес. Жиналғандар 6 сыныптың ата-аналарымен де жиналыста тек осы әңгіме қозғалатынын айтады.

Наргила Розметова, ата-ана: «Онда неге бірінші сыныпқа қабылдайды? Біз соны түсіне алмай әлекпіз! Неге 6-шы сыныпқа келгенде айтып отыр. Әр жиналыста тек соны айтады. Балалар осы мектепке, өз сыныбына, сынып жетекшісіне үйренген. 3 ай болды, балалардың қалай оқып жатқаны, білімі, тәртібі жайында әңгіме қозғалмайды, тек қашан ауысасыңдар деп сұрайды? Бұлай болмайды ғой!».

Түсірілім тобы ата-аналармен бірге білім ордасына келген сәтте мектеп директоры орнында болмай шықты. Денсаулығына байланысты демалысқа кеткен басшының орнына ата-аналарға орынбасары жауап берді. Ал қалалық білім басқармасының өкілдері, ата-ана рұқсатынсыз оқушыларды ешкім ешқайда көшіре алмайтынын айтады.

Тұрар Әбдуәліұлы, Шымкент қаласы білім басқармасының бөлім басшысы: «№42 мектеп 700 орындық мектеп болып құрылған. Онда 2000-нан астам оқушы үш ауысымда білім алуда. №42 мектептегі оқып жатқан оқушылар өздеріне ыңғайлы болған жағдайда ата-анасының қалауымен жекеменшік мектепке барып білім алуға құқылы. Ата-анасының қалауы бойынша. Егер ата-анасы жоқ, осы №42 мектепте оқи береді деген өздерінің жағдайда, бұл ата-ана қалауы бойынша атқарылатын дүние».

Дегенмен, балалардың ата-аналары бұл жауапқа қанағаттанбай отыр. Себебі, оларға бұған дейін мектеп директоры да талай уәдені беріп келген екен. Олар қандай жағдай болмасын, балаларды жеке мектепке көшіруге қарсымыз, егер рұқсатсыз ауыстырған жағдайда тиісті органдарға шағымданамыз дейді.