Кедендік төлемдер мен салықтардан түсім 50 пайызға артып, 3,5 трлн теңге жетті

44
Кедендік одақтың пайдасын көрушілер саны күн санап артып келеді

Былтыр ел қазынасына кедендік төлемдер мен салықтардан түсім 50%-ке артып, 3,5 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде импортқа қосылған құн салығынан түсімдер екі есеге жуық өскен. Бұл сома – Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында бөлінгеннен кейін мемлекеттік бюджетке құйылған қаражат.

Сондай-ақ, комитет жанынан Бас диспетчерлік басқарманың құрылуы кедендік түсімдердің молаюына оң ықпал еткен. Қазақстанның үшінші елдермен тауар айналымы былтыр 106 млрд АҚШ долларынан асты. Импорт 31,4 млрд долларға жетсе, экспорт көлемі 75 млрд долларға жуықтады.

Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың барлығына тең шарт қолдану кәсіпкерлеріміздің іскерлік белсенділігінің артуына ықпал етті. Бүгінде кедендік шекарадағы барлық процесс Бас диспетчерлік басқарма арқылы қашықтықтан басқарылып отыр.

Нұрлыбай Сибағатов, ҚР ҚМ МКК бас диспетчерлік басқармасы басшысының орынбасары:»Мемлекет басшысы кеденде тәртіп орнату жөнінде нақты міндет қойды. Бас диспетчерлік басқарма кедендік бақылаудың барлық ақпараттық жүйелері мен техникалық құралдары қосылған. Бұл бөлімшенің негізгі ерекшелігі сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың барлық өзара іс-қимыл мемекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелері арқылы жүзеге асырылады».

Былтыр құрылған Бас диспетчерлік басқарма жұмысының нәтижесінде кедендік бақылау барысындағы кедергілер жойылып, процесс автоматтандырылды. Адами фактор азайып, ашықтық қамтамасыз етілді.

Импортпен айналысатын отандық кәсіпкерлер саны соңғы жылда 2 есеге артып, 50 мыңнан асты. Шекара арқылы өтетін көлік қатынасы да едәуір көбейді. Ал олардан түскен төлем 3 еселенді, яғни, 150 млн теңгеге жетті. Алайда, кедендік бақылау тәртібін айналып өтуге тырысатындар да жоқ емес. Былтыр ереже бұзу фактілері бойынша мемлекет пайдасына 188,7 млрд теңге өндірілді.

Қазақстан-Қытай шекарасындағы кедергілерді жоюға ерекше назар аударылды. Экспорттық декларациялармен онлайн-алмасу жолға қойылды. Мәселен, 2022 жылға дейін еліміз автокөлікпен өтетін тауарлар бойынша ғана мәлімет алса, енді темір жол арқылы өтетін тауарлар бойынша деректер қолжетімді. Бұл бағытқа импорттың 80%-і тиесілі. Былтыр көрші елден кедендік төлемдер мен салықтар 62%-ке артып, түсім 465 млрд теңгеге жетті.