Шымкентте және Түркістан облысы аумағында ертеңнен бастап күн күрт суытады. 12-ші, 13-ші қаңтарда таулы аудандарда -31 градусқа дейінгі аяз күтілуде. Облыстың солтүстігінде ауа температурасы -23 градусқа дейін төмендейді. Синоптиктердің болжамы бойынша Шымкентте аяз түнде және күндіз сақталады.
«Қазгидромет» қызметінің Түркістан облысы бойынша филиал инженер — синоптигі Мейірбек Қахарбеков ауа райының өзгеруін жіті бақылап отыр. Қандай да ауытқулар болса барлығын картаға түсіріп мәлімет дайындауда.
Мейірбек Кахарбеков, «Қазгидромет» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының инженер-синоптигі: «Солтүстік полюстен келген арктикалық суық ағынның салдарынан Түркістан облысында, Шымкентте күн қатты суытады. Ертең тұман, көктайғақ күтіледі. Солтүстік шығыстан жел соғады, күші 8-13 м/сек. Ауа температурасы 13-18 градус аяз болады. Шымкент қаласында 10 қаңтарда қатты қар жауады. Ауа температурасы күндіз және түнде 7-9 градус аяз болады».
Күннің суытатыны жайлы хабарды шымкенттіктер ұялы байланыс, әлеуметтік желі , теледидар және радио арқылы алдық дейді. Қайтпас шағынауданының тұрғыны Гүләйхан Қамбарова үрей жоқ, табиғи газ, электр энергиясы үздіксіз берілсе уайымдамаймыз дейді.
Гүләйхан Қамбарова, Қайтпас шағын ауданының тұрғыны: «Ана жолы газ қысымы түсіп біраз проблема болған. Газдың қысымы түсіп кетсе, жарық бар ғой жылу құрылғыларын қосамыз».
Синоптиктердің болжамы бойынша алдағы үш күнде тұман, бұрқасын күтілуде. Ал 12-ші қаңтарда таулы аудандарда — 31 градусқа дейін аяз болады. 12 қаңтарда облыстың солтүстігінде түнде 23 градусқа дейін аяз, облыстың оңтүстігінде 12 градус аяз күтілуде. Алдын ала жасаған болжам бойынша қатты аяз демалыс күндеріне қарай біршама бәсеңдейді.