Шымкентте канализация қалдықтарынан электр энергиясын өндіруде

28

Шымкентте кәріз жүйесіндегі су тазалау қондырғысының қуатталығын арттыру мақсатында қосымша жаңа нысан құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны — 3,6 млрд теңге. Жаңа қондырғы тәулігіне 50 мың текше метр суды тазартып, жалпы қаладағы көрсеткіш 200 мың текше метрге жетеді деп күтіліп отыр.

Шымкентте тазарту құрылғысының қосымша жаңа нысанының құрылысы басталды. Арнайы техникалар алғашқы жұмысқа кірісіп те кетті. Қала әкімі жаңа құрылысты бастап берді. Енді 1 жарым жыл көлемінде қсымша нысан құрылысы жүреді. Бүгінде тәулігіне 150 мың текше метр су тазартылса, енді кәріз жүйесіне қосымша 50 мың текше метр қосылмақ.

Анарбек Орман, «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС директоры: «Осы жаңа құрылыстың арқасында, кәдімгі канализацияның қалдықтарынан электр энергиясын өндіріп жатырмыз. Әзір біз 150 мың текше метр суды тәулігіне тазартып отырмыз. Мына 50 мыңды қосқанда 200 мың текше метр деңгейіне жеткіземіз. Ал енді сағатына 4 мың куб газ өндіріп жатсақ, оның деңгейін 6 мыңға жеткіземіз деген ойымыз бар».

Енді қалдық суды жинап қана қоймай, одан электр энергиясын өндіру қарқыны артады. Жалпы станция базасында бірнеше жылдан бері қажеттіліктер үшін электр энергиясы өндіріліп келеді. Айта кетейік, мегаполистегі су тазалау қондырғысы — Қазақстанда және Орта Азияда электр энергиясын өндіру үшін кәріз қалдықтарынан биогаз алатын жалғыз нысан.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Бүгінгі күнде кәріз жүйесінің ахуалы 60 пайызға жетеді. Бұл енді қалада кәріз жоқ деп айтуға болмайды. Өйткені 10 жылда елдімекендер қосылды. Қаланың орталығында, көпқабаттарында кәріз жеткілікті. Дегенмен, алдымыздағы жоспарымызда егерде қаланың өсуі ары қарай жалғасып жатса, 50 мың куб жеткіліксіз».

Нысан құрылысы аяқталғаннан кейін су тазарту жағдайы 200 мың текше метрге жетіп, қала 75 пайыз кәріз жүйесімен қамтылады. Жауаптылардың сөзінше, алдағы уақытта 350 мың текше метр қуаттылығы бар тазалау қондырғысын салу жоспарланған. Егер жоба іске асса, халық 100 пайыз кәріз жүйесімен қамтылады.