Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері алаяқтық жайтының ерекше түрін жасады деген күдікпен Шымкент қаласының тұрғынын ұстады. Түркістан қалалық полиция басқармасына жәбірленушілердің бірі арызданды. Ер адамның айтуынша, белгісіз біреу оның атынан микрокредиттік ұйымдардың бірінен несие алған. Шығын көлемі 160 мың теңге.
Осыған ұқсас арыздарымен полицияға тағы да 4 тұрғын шағымданды. Жедел уәкілдер жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, бұрын сотталған, жұмыссыз жас жігіт, яғни Шымкент қаласының тұрғыны ұсталды.
Анықталғандай, күдікті интернет-алаяқтықты табыс көзіне айналдырып, мобильді қосымшадан такси жүргізушілерін іздеп тапқан. Оларға телефон арқылы «өзін компания қызметкерімін» деп таныстырып, содан көлік салонын жалдайтын болып келіскен. Ал төлемақыны компания есепшісі аударады деген сылтаумен, жүргізушілердің жеке бас мәліметтерін сұрап алған.
Сол сәтте бірден олардың атынан микронесие рәсімдеген. Одан әрі жүргізушілердің есепшотына түскен ақшаны «Сізге есепші шатасып көбірек ақша салып жіберіпті, жолақыңызды ғана алып, қалғанын салып жіберсеңіз» деп, сол мезетте көшеден кетіп бара жатқан кез-келген бейтаныс азаматтардың шоттарына ақша аудартқан. Одан әрі ақшаны қолма-қол иемденіп отырған.
Осылайша күдікті жас жігіт алаяқтық қылмысы арқылы жүргізушілерді алдап, 750 000 теңге шығын келтірген. Күдіктіні тінту кезінде, оның ұялы телефонынан Шымкент, Қызылорда, Жамбыл облыстарының 6 азаматының жеке басын растайтын құжатының фотолары алынды. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер алаяқтың құрбандары көбеюі мүмкін екенін айтуда.