Төлеби ауданының прокуроры шенеуніктерді сынға алды

79

Төлеби ауданының прокуроры шенеуніктердің жұмысын сынға алды. Сөзінше, аймақта идеологиялық тұрғыдан жұмыс нашар орындалады әрі қылмыс саны күн санап өсіп келеді. 

Тұрмыстық зорлық-зомбылық, мал ұрлығы және алаяқтық – бұл ауыл-аймақтарда жиі кездесетін қылмыс түрлері. Төлеби ауданы прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, тұрғындар әлі күнге дейін интернеттегі алаяқтарға сеніп, ақшасын беруді жалғастырып келеді. «Мұның бәрі идеологиялық жұмыс жүргізілмегендіктен», дейді қадағалау органының өкілдері.

Оразәлі Әбдіраманов, Төлеби ауданының прокуроры: «Бәрімізді ең алаңдатып отырған жағдай, «алаяқтық қылмыстар» 41-ден 59-ға, адам өлтіру 1-ден 4-ке, ұрлық қылмыстары 52-ден 69-ға өскен. Өскен қылмыс бұзушылықтар профилактикалық шаралардың жеткіліксіздігіне қатысты болғандықтан бізбен өткен жылы ПД ұсыныс жолданып, нәтижесінде аудандық полиция бөлімінің әртүрлі қызметкерлері жауапкершілікке тартылған».

Төлеби ауданының прокуроры әрбір қателік пен жасалған олқылықтар үшін шенеуніктер жауапкершілік арқалауы қажет екенін айтады.

Оразәлі Әбдіраманов, Төлеби ауданының прокуроры: «Бүгін баяндамада есімі аталған бұзушылыққа жол берген тұлғаларға қатысты прокурорлық ден қою шаралары қабылданатын болады. Ал оларды жұмыстан босату мәселесін бұзушылықтың дәрежесіне қарай жауапты басшылық шешеді».

Аудан әкімі Төлеген Телғараев қарамағындағы қызметкерлерге қатысты айтылған сынмен келіседі. Ол тұрғындармен жеке байланыс нөмірімен бөлісіп, олардың қылмыспен күресу және ауыл халқының өмірін жақсарту жөніндегі ұсыныстарын тыңдауға дайын.

Төлеген Телғараев, Төлеби ауданының әкімі: «Біз сынды жақсы қабылдаймыз. Әсіресе, егер ол әділ, дұрыс сын болса. Және оны дереу түзетуге тырысамыз. Біз әрқашан ашық қарым-қатынасқа, тікелей байланысқа, диалогқа шығуға дайынбыз. Мен әр аптаның сейсенбі күні халықпен кездесу өткіземін. Мәселелерін тыңдап, барынша шешуге тырысамыз. Мен тіпті телефон нөмірімді де беруге қарсы емеспін».

Төлеби ауданының басшысы «енді шенеуніктер өз кабинеттерінде отырмай, көбірек «халықпен кездесу» өткізеді деп уәде берді. Сөзінше, тұрғындарға өзекті мәселелерді шешу жолында билік өкілдерімен тікелей байланыс құру қажет.