Еліміздің Премьер-Министрі алғаш рет жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді. Мұнда Әлихан Смайылов бірқатар ірі өндірістік нысандар мен сауда-логистикалық орталықтың жұмысымен танысып шықты. Үкімет басшысы Шымкенттің даму барысына жоғары бағасын берді.
Бұл Әлихан Смайыловтың Шымкентке бірінші рет келуі. Бір күннің ішінде Үкімет басшысы тек мегаполис үшін ғана емес, бүкіл ел үшін өмірлік маңызы бар 8 нысанның жұмыс барысын бақылады.
Жергілікті көліктік-логистикалық хаб жылына алты жүз мың тоннаға дейін жүкті өңдеуге мүмкіндік береді. Ол орталықты тек қазақстандық ғана емес халықаралық деңгейге көтеруге болады.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Біз қазір импортты жақсартуға ден қойып жатырмыз. Бизнесмендерге көмектесу үшін платформа қажет, біз қолдау көлемін арттырып, мүмкіндік жасап беріп жатырмыз. Өткен жылы қалаға рекордтық сомада инвестиция тартылды»
Шенеуніктердің айтуынша Шымкентте құрылыс индустриясы, фармацевтика, жеңіл және өңдеу өнеркәсібі салаларын дамытуға үлкен мүмкіндік бар. Ал жергілікті кәсіпкерлер тауарларын ел ішінде ғана емес, экспортқа шығаруды қолға алған.
Береке Дүйсебеков, Шымкент қалалық кәсіпкерлік басқармасының басшысы:
“Алдағы уақытты осы 5 индустриалық аймаққа экспорт жасау үшін қандай мемлекет тарапынан мүмкіндік жасалғанын көрсетіп, көмек береміз. Біз осылайша кәсіпкерлердің қызғушылығын арттырып отырмыз»
Премьер-Министр өңдеу өнеркәсібінің жандануы Шымкент қаласының инвестициялық тартымдылығын арттыратынын атап өтті.
Әлихан Смайылов қаладағы шыны зауытының ашылу салтанатына куә болды. Алғышқы сынақ өте сәтті өтті. Енді кәсіпорын дәстүрлі жұмыс режиміне көшеді.
Үкімет басшысының сөзіне сүйенсек, үшінші мегаполис ірі бизнес нысандары үшін өте тиімді қала. Жаңа кәсіпорындар қала әлеуетін көтеріп, жұмыссыздық деңгейін төмендетеді. Ендігі мәселе – кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі: “Шымкент қаласында осы жолы жаңа жоба аштық. Қаладағы бизнестің дамуы жақсы екен. Бұған дейін де бірқатар бастамалар қолға алынған еді. Енді алдағы міндет инвестиция тартып, бизнестің өркендеуіне көмек көрcету керек»
Шымкент қаласына іс сапармен келген Әлихан Смайылов әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуы және құрылыс барысымен де танысып шықты.