68 мың кітап оқып, 10 тілді меңгерген полиглот кітапханашы болып жұмыс істейді

Полиглот, кітапханашы және 68 мың кітап оқыған 29 жастағы жігіт. 10 тілді еркін меңгерген Мейірхан Топанбай Түлкібас ауданында тұрады. Бірінші топ мүгедегі тағдырдың тәлкегіне қарамай тынымсыз еңбектің биік мақсаттарға жеткізетінін дәлелдеп келеді. Бүгінде ол өзінің аудармалар жинағын да шығарып үлгерген.

29 жастағы Мейірхан Топанбай бүгінге дейін 68 мыңнан астам кітапты оқып үлгерген. 5 жасынан бастап білім қуған азамат аптасына 20-ға жуық кітап оқыған сәттері болғанын айтады. Туғанынан сал ауруына шалдыққан жігіт тіпті көзі көрмей қалған шағында да кітап оқудан қол үзбепті. Сөзінше, кітап оқудың, ондағы ақпараттарды есте сақтаудың өзіндік методикасы бар.

Мейірхан Топанбай, Түлкібас ауданының тұрғыны: “Қазіргідей еңбекке араласпаған кезім. Мүгедектігі бар адам үйде тірлік жасамайды ғой. Мені бар қызық кітапта деп үйретті. 2021 жылы Түлкібас ауданы мен осы Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасы арнайы алғыс хат табыстады. “Үздік оқырман” атандым. Өздерінен оқығаным бар, басқа кітапханалардан оқыған кітаптатар бар, соларды есептеп, 68 мың деп шығарып, маған “Үздік оқырман” деген атақ берді».

“Мейірхан келгелі бірлесіп жұмыс істегеннен кейін тірлігіміз де оңға басып, оқырмандарымыз да көбейді, кітапқа деген оқушылардың қызығушылығын арттыра біледі. Қоғамда осындай көп тілді білетін, көп кітап оқыған адамдар қажет деп ойлаймын”, -дейді әріптесі Маргуль Бекетбаева.

Сонымен қатар, Мейірхан – полиглот! Ол 10 тілді еркін меңгерген. Оның ішінде, француз, неміс, грек, армян тілдері бар. Туған тілімнен кейін жаныма жақыны – испан тілі дейді ол. Ал өзі бір-біріне ұқсас тілдерді өзара сабақтастыра отырып меңгерген екен. Мейірхан қазір итальян тілін үйреніп жүр.

«Әр тілдің өзінің тарихы бар. Түрік тілі, грек тілі, қазақ және орыс тілі – менің ана тілім сияқты. Мен оларды ешқашан бөліп жармаймын. Себебі, түрік және грек тілін мен бала кезімнен үйрендім. Мектепке барғаннан кейін неміс, француз тілін үйрендім. Содан соң университетке барғанда парсы және тәжік тілін үйрендім. Содан кейін біз орыс тілін оқып жүргенде қосымша славян тілдерінің ішіндегі поляк пен болгар тілін игердім», – дейді полиглот.

Мейірхан Топанбай бірінші топтағы мүгедек. Ол күні бүгінге дейін тағдыр тәлкегіне мойымай, күресіп келеді. Қазіргі таңда оның өзге елдердің нақыл сөздерінен құралған «Ақиқаттан аттамайық, бауырым!» атты аудармалар жинағы жарық көрген.

Мейірхан Топанбай: «Ақиқаттан аттамайық бауырым» – 2021 жылы панедмия кезінде шықты. Ақиқат деген нәрсе адамның жанына, рухына, болмысына әсер етеді ғой. Сол ақиқаттан аттамай өмір сүретіндер қазір аз болғандықтан, қоғамдағы адамдарға сәл болса да ой салайық, қоғамдағы мен сияқты ерекше қажеттілігі бар азаматтардың үнін естісе деген ниетпен осы аудармалар жинағын жасадым”. 

Полиглот жігіт бүгінде Түлкібас ауданы Тастұмсық ауылында кітапханашы болып жұмыс істейді. Сондай-ақ, қолөнермен айналысады. Түрлі бұйымдарды тек тоқып қана қоймай, сатуға да шығаратын көрінеді. Мейірхан қазіргі таңда күнделікті жұмыстарынан бөлек, тағы бір аудармалар жинағының қамына кірісіп, қызықты шығармаларды қазақшалап жатқанын айтады.