Еңбекші ауданының тұрғындары 1 аптадан бері ауыз сусыз отыр

55

Еңбекші ауданында 5 көпқабатты және бірнеше жеке үй тұрғындары бір аптадан бері сусыз отыр. Айдың-күннің аманында тіршілік нәрінен қағылған жұрт бірнеше күннен бері суды айналадағы жеке сектордағы үйлерден тасып ішіп күнелтуде. Ауыз сусыз қалған тұрғындардың уәжін Гүлдана Дәурен тарқатады.

Еңбекші ауданына қарасты Қапал батыр көшесінің тұрғындары 1 аптадан бері ішер суын осылай ыдыс пен құтыларға жинап күн көріп келеді. Олар жуыну мен қонақ күтуді былай қойғанда, күнделікті ас ішуге ауызсуды әрең табатынын айтады. Айналадағы жеке үйлерден күнделікті 5 литрлік бөтелкелерге су құйып беруін сұрап әбден мазасын алдық дейді тұрғындар.

Гауһар Сейілханова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Үйімізде кішкентай балалар бар, алды 5-4 баладан. Менің өзім жолдасым, ұлым мүгедек. Көршілерімізге барамыз су сұрап. Олар да счетчикпен отырғаннан кейін шамаң келгенше аласың ғой. Ойлаңызшы әр үйден 5 литрлік баклашкамен барып тұрасың. 40 жылдан бері біз мекеменің суына қарап отырмыз, мекемеден су аламыз. Әкімдіктегілер уәде береді ғой, жылы шыраймен шығарып салады. Бірақ уәденің номері жоқ та, біз сол нәтиженің болғанын қалаймыз».

«Үлкен мегаполисте тұрып, өркениеттен жұрдаймыз» деген тұрғындар бұған дейін ауыз суды көрші орналасқан қатаң режимдегі түзеу мекемесінен алып отырған. Алайда ондаған жылдан бері құбыры ескірген желі айына бірнеше рет бұзылып, тіршілік нәрі тоқтап қалатын көрінеді. Оның үстіне мұндағы судың қысымы аз, ал сапасы санитарлық талаптарға сай келмейді.

Роза Бейсенова, Шымкент қаласының тұрғыны: «5 күн, бақандай 5 күн су жоқ, масқара ғой! Сонша халық шырылдап қайда қарап, кімнің есігін тақылдататынын білмейді. Бәріміз отырмыз сусыз. Суды қанша айтып жатырмыз, мына трубалар әбден ескірген, бір жерін жөндесек, екінші жері шығып жатыр».

Ал бұл салаға жауаптылар тұрғындарға әлі біраз уақыт түзеу мекемесінен су алып пайдалануға тура келетінін айтады. Себебі жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу мақсатында тиісті құжаттар жинақталып жатқан көрінеді. Егер жобалау жыл соңына дейін аяқталса, сапалы ауызсу құбырының құрылысы келер жылы басталады дейді мамандар.

Еркеғали Жаназат, Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы: «Жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу мақсатында қажетті тиісті құжаттар жиналуда. Тиісті құжаттар жиналғаннан кейін бізге ақша бөлу үшін, ұсыныс береміз мәслихатқа. Ұсыныс оң нәтижесін тапқан жағдайда қаржы бөлініп, жобалаушы мекемені анықтап, жобалау жұмыстарын жүргіземіз. Жобалау жұмысын жыл аяғына дейін аяқтап, келер 2024 жылы құрылыс жұмыстарын жүргізетін боламыз. Енді азғантай сумма ғой ол жерде, азғантай үй, көп емес. Қаржыға байланысты бәрі. Қаржы ертерек бөлінетін болса, биыл аяқтауға тырысамыз».

Ал тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар сапасыз су балалардың денсаулығына зиянын тигізе ме деп те алаңдайды. Мәселесін айтып талай есіктің табалдырығын тоздырған олар, проблеманы қала басшылығы назарға алса дейді. Егер жанайқайды естір құлақ табылмаса, мемлекет басшысына хат жазуға да дайын отыр.