Шымкентте Түркияға гуманитарлық көмек беру пунктері іске қосылды

67

Жомарт шымкенттіктер Түркияның жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек қабылдайтын пункттер ашты. Мұнда қала тұрғындары қолдарынан келгенше азық-түлік, киім-кешек, дәрілер әкеліп өткізе алады. Сонымен қатар ақшалай көмек бере алатындар үшін арнайы есеп шот та қарастырылған. Онда қазірдің өзінде екі миллион теңгеге жуық қаржы жиналып үлгерді.

Таңертеңнен бері шымкенттіктер Түркияға арнап гуманитарлық жүк жинап жатыр. Заттарды қабылдау пункті қаланың бірнеше жерінде ашылды. Жиналған тауар діттеген жеріне ұшақ немесе жүк көліктерімен жеткізілмек.

«Мен ақша күйінде беруді жөн санадым. Бір затқа зәрулік туындаса, сол затты сатып алса екен деймін» — дейді қала тұрғыны

Тұрғындар қолдарынан келгенше жылы киім, төсек жабдығы мен гигиеналық құралдарды әкеп тапсыруда. Жомарт азамат Ұлас Абай ұлдарымен бірге ересектер мен балалар киімін, азық-түлік пен күнделікті керек-жарақты алып келіпті.

Ұлас Абайұлы, Шымкент қаласының тұрғыны: «Балаларымды алып келіп көрсетіп жатырмын. Мейірімді бауырмал болу керектігін. Алла бұндайдан сақтасын. Қайталанбасын»

Асхат Нұрлыбаев, жеке кәсіпкер: «Мұның бәрі Түркияға жіберуге жиналды. Бұл балаларға арналған танометр. Одан бөлек зардап шеккендер үшін балдақтар да алдық»

Ал бұл «Добряки Шымкент» ұжымы. Еріктілер киім-кешек, ойыншық, азық-түлік, балдақ пен төсек-орындар жинап жатыр. Небәрі бір сағаттың ішінде келген заттар оннан астам жәшікке жетті.

Бибігүл Ибраева, «Добряки Шымкента» еріктілер ұйымының мүшесі: «Біз бауырлас елміз. Мұндай ауыр жағдай бастарына түскен сәтте қалай қарап отыра аламыз. Естіген бойда көмек беру керек деп ойладым. Қандай ұлт болса да бастысы адамбыз. Сондықтан бір жердің бетінде тұрғандықтан бұл біздің парызымыз деп білемін»

Сонымен қатар кәсіпкерлер мен қала тұрғындары үшін жеке шот ашылды. Онда қажетті ақпараттың барлығы экран бетінде көрініп тұрады.

Заңды тұлғалар үшін реквизит: «Қазақстан Халық Банкі» АҚ “Ұлттық еріктілер желісі” ЗТБ
БСН: 120940015916
БСК: HSBKKZKX
Есеп шот номері: KZ23601A871001005521
Жеке тұлғалар үшін реквизит: Kaspi: Төлемдер, Қайырымдылық, «Ұлттық еріктілер желісі» ЗТБ. Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек беретін «Birgemiz» волонтерлерінің байланыс номері: +7 708 706 42 42

Бауырлас елге жіберілетін көмек турасындағы кез келген қосымша ақпаратты +7 708 706 42 42 номерінен біле аласыздар.