Жасанды интеллект Шымкент колонияларына да енгізіліп жатыр. Қылмыстық-атқару жүйесінің цифрлық трансформация мен технологиялармен қамтылуы — түрме қызметкерлерін де, сотталғандарды да бақылауға мүмкіндік береді. Арна тілшісі тергеу изоляторында болып, «ақылды» камералардың қалай жұмыс істейтінін біліп қайтты.
Бұл оқиға Шымкенттегі колониялардың бірінде орын алған. Сотталғандар бейнебақылау камерасының үстіне шүберекті лақтырып, кейін оны сындыруға ұмтылған. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлар бұған дейін де бірнеше рет орыналған.
Жоғары технологиялардың көмегімен түрмелердің қауіпсіздігін арттыру туралы шешім қабылданды. Қазір Шымкенттегі колониялардың барлығы бақылауда. «Ақылды камералар» дәліздер мен баспалдақтарда орнатылған.
Жаңа технологиялар күзетшілердің әрі тұтқындардың қауіпсіздігін арттыруға арналған. Жүйе сотталғандардың ұрыс-керіс, ауыр шабуылдар сияқты әрекеттерін бақылап отырады. Ал жабдықтың жұмыс принципі қарапайым ғана.
Теңізжан Жәнібеков, Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша ҚАЖД бастығы: «Бейнебақылау камералары-азаматтардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді. Әрі олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Біз үнемі құқықбұзушылық бойынша қызметкерлермен профилактикалық жұмыстар жүргізіп отырамыз. Камера орнатылғалы олардың ашықтығын байқадық. Өйткені, біз күнделікті қалай жұмыс жасап жатқанын бақылап отырамыз».
Айта кетейік, мемлекет мүлкіне қасақана зиян келтіргені үшін жаза қарастырылған. Ендігі міндет – барлық түзеу мекемелері мен полиция бөлімшелерінде үздіксіз бейнебақылауды қамтамасыз ету.