Түркістан облысында азық-түліктен 99 мың тонна қоры бар. Бұл туралы Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқарма басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметов айтты. Оның сөзінше қазір тұрақтандыру қорын толықтыру үшін көктемгі егіс жұмысына қаржы бөлу басталып кеткен.
Түркістанда 19 түрлі әлеуметтік азық-түліктің 99 мың тонна қоры бар. Оның 15-і күнгейде өндіріледі. Ал қарақұмық, шекер, күнбағыс майы мен макарон өнімі басқа облыстардан тасымалданады. Әзірге аймаққа қажетті азық көлемі жеткілікті дейді ауыл шаруашылығы басқарма басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметов.
Нұржігіт Мырзахметов, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы: “Бүгінгі таңда бидайдың 1 сортты өнімінің жылдық қажеттілігі 19 мың тонна болса, қазір 141 мың өнімі бар. Өңірімізде күнбағыс май өндірілмейді. Ал күрішке 17 мың тонна қажеттілік болса, қазір 6 мың тоннаға тарта өніммен қамтамасыз етіп отырмыз».
Азық-түлік нарығын реттеу мақсатында көктемде ерте егілетін дақылдарды мемлекет тарапынан қаржыландыру қаңтар айында басталып кетті. Ал күріш, қарақұмық сынды өнімдерді өндірушілерге қаржылай көмек 1 наурыздан басталып, қыркүйекке дейін жалғасатын болады.
Файзулла Байдуллаев, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы: «Жаңа тәсілдерді қолдану аясында тұрақтандыру қорын толықтыру үшін Форвордтық келісімдер мен өнім сатып алуға 646 млн теңге жұмсалса, айналым схемасы бойынша 1,4 млрд теңге көлемінде кәсіпкерлік субьектілеріне қарыз берілді. Жетіспейтін қаржы 4,8 млрд теңгені құрады. Өзіңізге белгілі 2.9 млдр теңге бөлініп СПК-ға аударылуы керек»
Күнгейде тауар бағасын тұрақтандыру үшін Ордабасы, Сайрам, Мақтаарал, Сарыағаш, Төлеби ауданында 6 инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Ал басқарма басшыларының баяндамасын тыңдаған облыс әкімі мамандарға бірқатар тапсырма берді.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Әрбір тауардың бағасы бойынша жағдайды күнделікті бақылауда ұстап отыру керек. Әр аудан өздерінде бар өнімдерді бөлісіңіздер. Азық-түлікті тұрақтандыру үшін жұмыс тұралап қалды. Мониторинг жүзгізілсін».
Түркістан қаласының аумағында тұрғындарға 25 ірі супермаркет, 3 көтерме сауда орны және 187 дүкен қызмет көрсетеді. Биыл олардың 25-імен тауарлар бағасын 15 пайыздық үстемақыдан асырмау туралы меморандум түзілді.