Энергетикалық сусын салдарынан ауруханаға түсіп жатқан азаматтар көп

35

Қазақстанда энергетикалық сусын салдарынан дәрігер көмегіне жүгінген азаматтар көбейген. Кардиолгтардың сөзінше, мұндай сусындардың құрамындағы заттар жүрек-қан тамырлары жүйесіне кері әсер етеді. Және орталық жүйке жүйесіне де зиянды екен. Ал энергетикалық сусынды немен алмастыруға болады?

Кардиологтар қазір сусын ішіп, инфаркт алып жатқан азаматтар көп екенін айтып дабыл қағады. Ауруханаға түскендердің басым бөлігі 25 пен 40 жас аралығындағы азаматтар. Белгілі болғандай олар түнгі уақытта жұмыс істейтін күзетшілер мен такси жүргізушілері. Ер адамдар сергек болу үшін күніне бірнеше бөтелке энеркетик ішуді әдетке айналдырғандықтан денсаулығы сыр берген.

Алмас Қодасбаев, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жүрек-қан тамырлары хирургиясы кафедрасының меңгерушісі: «Бізде науқастар тахикардия, жүрек соғысы, ауыр невроз диагнозымен түседі. Бұл азаматтар жансақтау бөлімінде ұзақ жатады. Ал тексеру барысында олардың әртүрлі энергетикалық сусындарды көп мөлшерде пайдаланғанын анықтаймыз».

Мамандардың айтуынша, энергетикалық сусындардың құрамында не бар екені толық жазылмаған. Сондықтан толық құрам белгісіз. Ал белгілі компоненттері сахароза мен глюкоза, кофеинді көп мөлшерде тұтыну жүрек соғу жиілігі мен қысымды арттырады. Және жүрек- қан тамырлары мен эндокриндік жүйеге кері әсері бар. Ал тауриннің артық болуы тез шаршағыштыққа әкеп соғады екен.

Луиза Алтынбекқызы, диетолог-нутрициолог: «Тауриннің артық болуы дененің шаршауына себеп болады, өйткені дене жоғарылатылған дозаны алады және энергетикалық сусындардан екі есе көп энергия жұмсайды, жүрек-тамыр жүйесінен басқа, ол орталық жүйке жүйесіне зиян және инсультке әкелуі мүмкін».

Мамандар адамдарға энергетикалық сусынды мүлде тұтынбауға кеңес береді. Оның орнына күніне бір шыныаяқ кофе ішуді ұсынады. Дәрігерлер денсаулықты жақсарту үшін салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтануға шақырады.