3 жасар баланы құтқарып қалған мақтааралдық жеткіншек марапатталды

38

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мақтааралдық батыр баланы қабылдап, бағалы сыйлықтар табыстады.

Осыдан бірнеше күн бұрын 8 сынып оқушысы каналда ағып бара жатқан 3 жасар баланы құтқарып қалған еді. Нұркелді Нұрполат күннің суығына қарамастан суға секіріп, кішкентай баланы аман алып шыққан. Тіпті алғашқы көмекті өзі көрсетіпті. Сондықтан да өңір басшысы жеткіншектің бұл әрекеті өзгелерге үлгі болғанын айтып, алғысын жеткізді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Жарайсың, кеше көрдім видеосын. Үлкен жігіт деп ойлап едім. Осындай азаматтар басқа жастарға үлгі бола берсін. Рақмет сізге патриот азамат өсіріп отырғаныңызға»

Айта кетейік, батыр бала атанған Нұркелді Нұрполат 2008 жылы Мақтаарал ауданында туылған. Тосын сәтте іркілмей, батыл әрекет еткен баланың әкесі, баласының спортпен тұрақты түрде шұғылданатынын айтты.