Шымкенттік дәрігерлер бұранда жұтып қойған балаға көмектесті

252

 

Жедел жәрдеммен қалалық клиникалық балалар ауруханасына жеткізілген баланың жағдайы алғашқыда орта ауыр еді дейді дәрігерлер. Анасының айтуынша, пәтерлерінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқан. Сондықтан анасы кішкентай баласының белгісіз затты аузына салып, жұтып қойғанын көргенде, ойланбастан 103-ке хабарласыпты.

Жедел жәрдем көмегімен қалалық клиникалық балалар ауруханасына жеткізілген баланың асқазанын дәрігерлер шұғыл түрде видеогастроскопия аппаратымен тексерді. Одан соң ауруханадағы білікті хирургтар Түлкібай Әкім және Құрманалиев Асанбайдың жетекшілігімен балақайға жабық ота жасалды. Мамандар асқазанда тұрып қалған шегені эндоскопиялық жолмен алып шықты.

Осылайша медицина қызметкерлері шегені баланың денесін тілмей-ақ алып шықты. Дер кезінде балақайға көмек көрсетілмесе, соңы қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін еді дейді мамандар.

Қазір балақайдың жағдайы жақсы. Қанағаттандырарлық жағдайда анасымен бірге үйіне шығарылған.