Асар аллеясында Ұлыстың Ұлы күні тойланды

79

Жақында ғана Абай ауданына өткен Асар шағынауданында ұлы той. Әз наурыз мерекесінде жиналған халықтың қарасы қалың. Оюлы шапан, бүрмелі көйлек киген тұрғындар дәстүр бойынша бір біріне ыстық ықыласын білдіріп, мәз-мейрам күйге енді.

Мерекенің көркін әжелер ансамблі қыздырды. Олар қала тұрғындарына арнап ұлттық дәм-тұзын ұсынып қана қоймай, Ұлыстың ұлы күнінде ән айтып, би биледі.

Мерекеде қол күресі, гір тасын көтеру сынды бірқатар ұлттық ойын түрінен сайыс өтті. 2 минут ішінде ең жақсы нәтиже көрсеткен адамға қаржылай сыйлық табысталмақ.

Бауыржан Арынғазиев, Шымкент қаласы Абай аудандық әкім аппаратының әлеуметтік бөлім инспекторы: «Асар тұрғындарымен бірге ұлттық ойын түрлерін ұйымдастырдық. Қазір гір тасын көтеру бойынша сайыс өтеді. Одан кейін арқан тарту болады. 4-5 түрлі ойын болады. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық, мақтау қағаздары табысталады»

Асар аллеясы нағыз қазақы ауылға айналды. Көрмеге ұлттық оюмен көмкерілген картиналар, түрлі тағам түрлері қойылды.

Жиделі елдімекенінің тұрғыны Орынша Тажиева наурыз тойға арнап 80 литр көже пісірген. Ол киіз үйдің жанына арнайы дастархан жайып, барша жұртқа дәм татқызды. Мерекеге 3 күн бойы дайындалған Орынша әжей осымен 5 жыл қатарынан халықты наурыз көжесімен қуатып келеді.

Орынша Тәжиева, Абай ауданының тұрғыны: «Қазақтың ескі салт-дәстүрі бойынша 7 түрлі тағамнан, су мен тұзды қосқанда 9 түрлі заттан наурыз көже дайындадым. 80 литр. Одан бөлек, майсөк, тары, картошка қосылған тұшпара дайындап алып келдім. Барша Қазақстан елін, Шымкент халқын наурыз мерекесімен құттықтаймын. Еліміз аман болсын, жер бетінде тыныштық орын алсын».

Ұлы тойға әр ұлт өкілі арнайы ұлттық тағамын пісіріп, жеке дастархан дайындаған.

Нұрсұлу Қойшыманова, «Бал Әлем» балабақшасының меңгерушісі: «Біз бұл жерде жаскелең ұрпаққа үлгі болсын деп тәрбиешілердің жасаған қолөнерінен, ұлттық тағамдарымыздан алып келіп, осындай халыққа паш етіп тұрған жайымыз бар».

Гуллола Ярметова, бастауыш сынып мұғалімі: «Бүгінгі Наурыз мерекесі құтты болсын. №56 мектептен келдік. Бүгін нанның түр түрі мен ұлттық тағамымызды алып келдік. Халыққа ерекше көңіл күй сыйласын деп ойладық».

Асар шағынауданындағы мерекелік шаралар кешке дейін жалғасады. Тұрғындардың айтуынша, Наурыз ежелден тойланып келе жатқан ұлық мереке, оны тәуелсіз аспан астында тойлаудың өзі зор бақыт.

Көңілді концерт, ұлттық ойын, мың бұралған бишілер мерекенің көркін қыздырды. Ал Абай ауданының әкімі мұндай мереке еліміздің рухани күшін нығайта түсетінін айтады.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі: «Шымкент қаласының тұрғындары баршаңызды бірлік пен татулықтың, еңбек пен ырыстың, түсіністік пен жайдары жарқын мереке Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Наурыз ата бабамыздың дәстүрін дәріптеген дәстүрлі рәміз. Наурыз мерекесі саяси тұрақтылықтың нығаюына түрткі болды».

Жаңа жыл басында қала халқы бір-біріне амандық пен бақ-береке тілеуді дәстүрге айналдырған. Ежелгі әдет-ғұрып бойынша Шығыс халықтары Наурыз мерекесін бір ай бойы тойлаған. Ал Шымкентте мерекелік көңіл күй 10 күнге созылмақ.