Шымкентте 10 күнге созылатын Әз-Наурыз мерекесіне 84 млн. теңге бөлінген

36

Бүгін Шымкентте Амал мерекесі тойланады. Қаламызда Әз-Наурыз 10 күн бойы тойланады деп көзделген. Ол үшін жергілікті бюджеттен 84 млн теңге қаралған. Ал әрбір күнге айрықша тақырып қойып, соның аясында мереке аталып өтетін болады.

Шымкентте Әз-Наурыз мерекесін өткізу үшін жергілікті бюджеттен 84 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ, ұлттық мерекені жоғары деңгейде тойлауға демеушілер де атсалысады. Бұл туралы қалалық мәдениет басқармасының басшысы мәлімдеді. Сөзінше, Наурыз тойына үлес қосуға меценаттардың өзі ұсыныс тастаған.

«Бізде арнайы жоспарға сай 84 млн. теңге бөлінген. Өздеріңіз білесіздер тендер деген бар. Конкурс бар. Бізде наурыздың ауқымдылығына қарай кәсіпкерлер тарапынан ұсыныстар болды. Біз Наурыздың өтуіне көмек берейік деген еді. Сондықтан наурыздың денін сол демеушілікпен өткізуді жоспарлап отырмыз», – дейді Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев.

Биылдан бастап 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі жарияланды. Сондықтан қалада наурыз мейрамын тойлауда әр күнге айрықша мән беріліп, тақырып қойылған. Айталық, бүгінгі күн амал мерекесіне арналады. Амал келді-жыл келді деп санайтын қазақ халқы көктемді көрісумен бастайды. Осы дәртүрді жалғастырып, мегаполистік тұрғындар қаланың бірнеше жерінде түрлі салт-жоралғы көрсетіліп, мерекені атап өтетін болады.

«14 наурыз бен 20 наурыз аралығы наурыз мерекесінің 10 күндігі басталады. Бірінші өтетін амал мерекесі. Бұл бізде Абай саябағынан, Астана алаңында, Арбатта өтеді. Осы жерде амандасып, қал сұрасып ары қарай Әл-Фараби алаңында жалғасатын болады», – дейді Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев.

Ал 22 наурыз Ұлыстың ұлы күні сағат 11-ден бастап Астана алаңында өткізіледі. Онда 20 ақшаңқан киіз тігіліп, ұлттық тағамдер мен өнер түрлері жұртшылыққа паш етіледі. Ал түскен кейін ұлттық спорт түрлеріне дәріптелсе, кешке шымкенттіктерді гала-концерт күтеді. Керемет кеште елімізге белгелі әншілер мен жергілікті өнерпаздар қатысып, ұлы тойдың көркін қыздырады деп көзделіп отыр.