Есірткі жеткізушілердің автокөлігінен полиция қызметкерлері 2 кг «скорость» кристал сынды есірткі затын тапты. Toyota Camry көлігі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдерімен Шымкент-Ташкент тас жолында жедел іс-шараларды өткізу барысында тоқтатылды.
24 жастағы жүргізуші мен 22 жасар жолаушы Алматы, Қарағанды облыстары мен Шымкенттің аумағында синтетикалық есірткілерлі тасымалдаумен айналысқан. Бұл жұмысты жігіттер ғаламтор-мессенджерлердің бірінен тауып, есірткі тығылған жасырын жерлердің координаттары мен тапсырмаларды хабарлама арқылы алып отырған.
Көрсетілген жайт Қылмыстық кодекстің 296-бабы бойынша СДТБТ-не тіркелді.
Күдіктілер полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі таңда осы қылмысқа қатысы бар басқа да тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде.