Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде биыл жалпы қоданыстағы 11 мың шақырымнан астам жолды құрылыс-монтаждау жұмыстарымен қамту жоспарланғанын хабарлады.
«Оның ішінде жеті мың шақырымы республикалық автомобиль жол желісі және 4 мың шақырымы жергілікті жол желісі. Республикалық желі арқылы 3,6 мың шақырым жолды төсеу және қайта жаңарту жұмыстары жалғасады, оның ішінде 856 километр жолды жөндеуді аяқтау жоспарланып отыр», — деді Беков.
Оның айтуынша, нәтижесінде нормативке сәйкес жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 92 пайызға, жергілікті жолдар бойынша 87 пайызға дейін жетеді.
«Күрделі және орташа жөндеу жұмыстары 3 400 шақырымды қамтиды. Жергілікті желі бойынша 4 мың шақырым жолда жөндеудің барлық түрі жүргізіледі, оның 3 мың километрінде бұл жұмыстар осы жылы аяқталады. Жыл соңына дейін нормативке сәйкес жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желіде 92%-ке, жергілікті желіде 87%-ке дейін артады», — деді Амангелді Беков.
Еліміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы бүгінде 95 мың шақырымды құрайды. Салыстыру үшін айтсақ, Жер экваторының ұзындығы 40 075 шақырымды құрайды.